Шри-Ланкада пілдер адамдарға шабуыл жасап жатыр

Шри-Ланкада пілдер аулаларға кіріп кетіп жатыр. Бұған ормандардың жаппай оталуы себеп. Тіршілік ететін ортасы тарылған соң, қорек таппай, елді мекендердің ішіне кіріп кететін болған. Мұның салдарынан адам өміріне ғана емес, жануарлардың өзіне де қауіп төнді, деп хабарлайды 24KZ.

Шри-Ланкада бұрын пілдер ну орманның ішінен өзен-көлдерден су ішу үшін ғана шығатын. Жеміс-жидек жеп, өзімен-өзі жүрген жануарлар енді азық таппаған соң, ашуға мініп, адамдарға да шабуылдайтын болған. Былтыр жабайы табиғатты қорғау бөлімінің қызметкері Девагири Бандара үйінің ауласына кіріп кеткен сүтқоректінің астында қалып, аяғы үш жерден сынған еді. Ал көмекке келмек болған әйелі қазір арбаға таңылып отыр.    

Девагири Бандара, жабайы табиғатты қорғау бөлімінің қызметкері:

- Өміріміз бір-ақ сәтте өзгерді. Бұрын әйелім екеуміз бүкіл істі бірге жоспарлап, істейтінбіз. Ауыл шаруашылығымен айналастық. Қазір оған арнайы күтім қажет. Бұл екеуміз үшін де ауыр жағдай. 

Биліктің есебі бойынша 2019 жылдан бері Шри-Ланкада жылына 370 піл өлтірілсе, 125 адам бақилық болады. Жергілікті тұрғындар сүтқоректіні үйлері мен егіс алқаптарына жақындатпау үшін қоршаулар тұрғызып, оған тоқ орнатып жатыр. Алайда, бұл да қауіпті. Өйткені, сымдар дұрыс тартылмаса, пілдер түгілі, балалар да тоққа түсуі мүмкін. Алаңдатарлығы сол, ашыққан пілдер елді-мекендерді ғана емес, қоқыс полигондарын да кезіп кететін жағдайға жетті. Ал тұрмыстық қалдықтар жануарлардың ас қорыту жүйесін бұзып, олардың қырылуына әкелуі мүмкін. 

Нихал Пушпакумара, мал дәрігері:

- Өлген пілдердің ішінен пластик пакеттер мен азық-түлік қаптамалары шықты. Бұл жануарлардың асқазаны мұны қорыта алмайды. Негізгі азығының қалдықтары мүлде табылған жоқ. 

Бір ғасыр бұрын Шри-Ланка аумағының 70 пайызын жасыл желек алып жататын. Қазір бұл көрсеткіш 16 пайызға дейін сиреді. Девагири Бандара болған жағдайға пілдерді кінәлі санамайды. Оның айтуына қарағанда, бұл адамзаттың табиғатқа жасаған қиянатының салдары. Үкіметтегілер нақты қадамға көшпейінше, пілдердің елді-мекендерге кіруі тоқтамайды деп санайды. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: