Шэньчжэньде экономикалық саммит өтеді

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 18-19 қарашада Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының саммиті өтеді. Форумға қатысатын елдердің үлесіне әлемдік жалпы ішкі өнімнің 62 пайызы және жаһандық сауданың жартысына жуығы тиесілі, деп хабарлайды 24KZ.

Азия-Тынық мұхиты аймағының басты экономикалық форумына санаулы уақыт қалды. Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласы әлемнің 21 экономикасының көшбасшыларын қабылдауға сақадай сай. Бейжің бұл ауқымды жиынды осымен үшінші рет ұйымдастырып отыр. Биылғы 33-ші басқосу «Ортақ өркендеу жолында Азия-Тынық мұхиты қоғамдастығын құру» ұранымен өтеді. Саммит күн тәртібіне ашықтық, инновациялар және өзара ынтымақтастық мәселелері қойылған. Яғни өңірдегі еркін сауда аймақтарын кеңейту, жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық экономика мен жаһандық жеткізу тізбегінің тұрақтылығы ортаға салынады. Қытай тарапы бұл кездесу протекционизмге тосқауыл болып, аймақтық саудаға тың серпін береді дейді.

Лань Фоань, Қытай қаржы министрі:

– Біріншіден, макроэкономикалық саясатқа қатысты диалогты нығайту және аймақтық экономикалық әрі қаржылық тұрақтылықты қорғау. Қазіргі халықаралық экономикалық ортадағы белгісіздіктің жоғары деңгейін ескере отырып, мүше экономикалар өздерінің макроэкономикалық саясатының беріктігін күшейтуі тиіс, сонымен қатар саясаттағы өзгерістердің жағымсыз жанама әсерлерінен сақтану үшін саяси коммуникация мен үйлестіруді жақсартуы қажет. Екіншіден, экономикалық трансформацияны жеделдету және экономикалық орнықтылықты арттыру.

Саммит өтетін алаңның өзі нағыз болашақ қаласын елестетеді. Ұйымдастырушылар қонақтарды таңғалдыру үшін озық технологиялардың барлығын іске қосқан. Мұнда мейрамханадан тапсырыс берілген азық-түлікті әуеден дрондар жеткізеді. Көшеде жүйткіген такси көліктерінде жүргізуші атымен жоқ және бәрі жасанды интеллект арқылы басқарылады. Тіпті дүкендер мен қонақүйлерде қонақтарға адам емес, гуманоид-роботтар қызмет көрсетеді. Осыдан 45 жыл бұрын небәрі 30 мың халқы бар шағын балықшылар ауылы болған Шэньчжэнь бүгінде 18 миллионнан астам тұрғыны бар алып мегаполиске айналған. Huawei, Tencent, BYD сынды әлемдік алпауыттардың отаны саналатын қаланы сарапшылар бекерден-бекер «Қытайдың Кремний алқабы» деп атамайды.

Элия Краузе, латвиялық турист:

– Біз мейрамханамыз бен дәмханамызға Қытайдан үш робот сатып алдық. Бір робот мәзір ұстап тұратын бойжеткенге ұқсайды, осылайша келушілер мейрамханада қандай тағамдар барын көре алады. Бұл жерден міндетті түрде қызықты дүние тауып, сатып алатынымызға 100 пайыз сенімдіміз және оны елімізге алып кетеміз.

Дегенмен экономикалық күн тәртібінің тасасында өткір геосаяси түйткілдер де жетерлік. Атап айтқанда, қазір Филиппин астанасы Маниладағы АСЕАН саммитінде жүрген Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи үкімет басшысы ретінде Қытайға алғаш рет ат басын тіремек. Қазір Токио мен Бейжіңнің арасы айтарлықтай ушығып тұрған сәт. Былтыр қарашада Такаичидің Тайвань төңірегіндегі жағдайға Жапония араласуы мүмкін деген мәлімдемесінен кейін қос тараптың дипломатиялық байланысына сызат түскен еді. Бейжің ол сөздерді қайтарып алуды талап етсе, Токио бұл сапарды шиеленісті бәсеңдетудің мүмкіндігі ретінде қарастырып отыр. Сондықтан саммит аясында Қытай мен Жапония басшыларының екіжақты кездесуі өте ме, әлде тараптар тек ресми хаттамамен шектеле ме – оны уақыт көрсетеді.

Го Цзякунь, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Саммитті қабылдаушы тарап ретінде Қытай өз міндеттемелерін белсенді түрде орындап жатыр және барлық тараптармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Қытай-Жапония қарым-қатынастарына келетін болсақ, біз өз ұстанымымызды бұған дейін талай рет анық білдірдік.

Алайда бүкіл әлемнің назарын аударып отырған ең басты саяси оқиға – саммит аясында өтетін тарихи үшжақты кездесу. АҚШ президенті Дональд Трамп, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путин бір үстел басында бас қоспақ. Бұл – үш алпауыт мемлекет басшыларының осындай форматтағы тұңғыш келіссөзі. Сарапшылар мұны қазіргі геосаяси ахуалдағы бетбұрысты сәт деп бағалап отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Қытайға барамыз, онда Төраға Симен бірге боламыз. Ол бір ай бұрын осында болған еді. Сондай-ақ президент Путинмен кездесеміз және Ким Чен Ынмен де кездесуіміз мүмкін. Бұл жақсы болады. Бізде көп іс тындыруға мүмкіндік бар. Біз ядролық қарусыздану туралы сөйлесеміз. Бұл – күрделі тақырып, өйткені кез келгенімізге ядролық қарудан бас тартамыз деп айту өте қиын, солай емес пе? Әсіресе басқа елдер бар екенін ескерсек. Бірақ біз ядролық қарусыздану жөнінде сөйлесеміз. Иран туралы да сөз қозғаймыз. Негізі Иранға қатысты жағдайымыз өте жақсы. Менің сүйікті тақырыбым – Украина туралы да сөйлесеміз. Украина мен Ресей айына 25 мың сарбазынан айырылып жатыр. Сондықтан осы жөнінде сөйлесеміз. Барлығымыз экономика мен сауда мәселелерін талқылаймыз.

Үлкен саясат басталмас бұрын Шэньчжэньде ірі бизнес өкілдері бас қосады. Мемлекет басшыларының негізгі отырысынан бұрын Іскерлік саммит өтеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 2000-нан астам делегат пен ірі корпорация басшылары жиналмақ. Олардың қатарында әлемдегі ең қуатты компаниялар саналатын «Fortune Global 500» тізіміне енген 115 корпорация өкілі бар. Жиында жаһандық инвестиция ағыны, жасыл энергетикаға көшу және жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа нарықтар сөз болады. Бір анығы – алдағы күндері Шэньчжэнь тек Азия-Тынық мұхиты аймағының ғана емес, күллі әлемнің экономикалық әрі саяси тағдыры талқыланатын басты орталыққа айналмақ.

Авторы: Ернат Рахметолла

Сондай-ақ оқыңыз: