Жасанды интеллектке энергия жете ме?

Жасанды интеллект дамыған сайын электр энергиясына сұраныс та артып келеді. Еурокомиссияның болжамынша, 2030 жылға қарай Еуроодақтағы дата-орталықтардың электр тұтынуы 70 пайызға дейін өсуі мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.


Есептеу қуаттарына сұраныстың артуы электр желілерін жаңғыртуды және серверлерді салқындатудың жаңа технологияларын енгізуді талап етеді. Париждегі Tech Show технологиялық көрмесінде қандай шешімдер ұсынылды? Жасанды интеллектке энергия жете ме?

ChatGPT бүкіл әлемдегі ма, әлде Францияның ба бір тәулікте жүз елу мыңға жуық тұрғыны бар шағын қаламен бірдей мөлшерде электр энергиясын тұтынады. Мұндай есепті Францияның экологиялық ауысу агенттігі ADEME 2025 жылғы деректерге сүйеніп жасаған. Ал бұл – жасанды интеллектке негізделген сансыз қызметтің біреуі ғана. Париждегі технологиялық форумда цифрлық дамудың энергетика саласына түсіретін салмағы талқыланып жатыр. Энергетикалық инфрақұрылымды кеңейтуге Еуропаның электр қуаты жете ме, деген сауалға сарапшылар жауап іздеп, жаңа шешімдер ұсынуда.

Оныншы рет өтіп жатқан Tech Show Paris көрмесінде биыл ерекше қарбалас. Мұнда 300-ден астам технологиялық компания, жасанды интеллект әзірлеушілері мен цифрлық инфрақұрылым мамандары жиналған. Ұсынылған жабдықтарға қарап-ақ, басты тақырып дата-орталықтардың дамуы екендігі анық. 2024 жылы Еуроодақтағы дата-орталықтар шамамен 68 тераватт-сағат электр энергиясын тұтынған. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есе жуық өсуі мүмкін. Оған себеп – ЖИ-нің қарқынды дамуы. «Атом энергетикасы дамыған Францияның бұл тұрғыда артықшылығы бар», – дейді мамандар. Алайда энергия өндірудің өзі жеткіліксіз.

Грегори Беркович, GB2A компаниясының басшысы:

– Сондықтан ел дата-орталықтарды орналастыруға қолайлы. Меніңше, атом энергетикасы олардың қажеттілігін өтеуге ең қолайлы энергия көздерінің бірі. Алайда мәселенің екінші жағы бар. Электр жеткізу желілері жекелеген аймақтардағы осындай жоғары жүктемеге төтеп бере ала ма? Оның үстіне ірі дата-орталықтарды салу үшін ауқымды жер телімдері қажет.

Болашақтағы жүктеменің ауқымы француз энергетиктердің жоспарынан белгілі. Биыл 80-ге жуық дата-орталық жобасы жалпы қуаты 18 гигаватт электр желісіне қосылуға өтінім берген. Ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 5 гигаватт болған. Еуроодақ болса, дата-орталықтардың энергия тиімділігін бақылау үшін бірыңғай талаптарды әзірлеп жатыр. Әсіресе серверлерді салқындату мәселесі өзекті. Жасанды интеллектке арналған қуатты чиптер көп жылу бөледі. Олардың қажетті температурасын ұстап тұру үшін де қосымша электр энергиясы жұмсалады.

Карло Феррари, LU-VE компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры:

– Жаңа технологиялар серверлерді салқындатуға жұмсалатын электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұрын бұл үшін температурасы 20 градустық су қажет болса, қазіргі жүйелер 45 градусқа дейін жылынған сумен де жұмыс істей алады. Бұл суды қосымша салқындатуға кететін энергияны азайтып, ықшам жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік береді.

Көрмеде мұндай шешімдердің түр-түрі ұсынылған. Әзірлеушілердің айтуынша, сұйықтықпен салқындату технологиясына көшу әсіресе нейрожелілердің жұмысын қамтамасыз ететін қуатты графикалық процессорлар үшін маңызды.

Кирилл Гаркуша, Clivet компаниясының техникалық сатылым жөніндегі инженері:

– Бұл құрал – чипті сумен тікелей салқындату технологиясы. Нарыққа 2027 жылдың бірінші тоқсанында шығарылады. Алдағы екі-үш жылда көптеген дата-орталықтар осындай технологияны қолдана бастайды. Мысалы, Қазақстанда салынатын NVIDIA технологияларына негізделген Firebird дата-орталығының жобасында CDU жүйесі қарастырылған. Біздің болжамымызша, алдағы екі-үш жылда бұл технологияға сұраныс күрт өседі.

Өз дата-орталықтарын салып, атом энергетикасын дамытуға кіріскен еліміз үшін Еуропаның осы тәжірибесі маңызды. Мамандардың пікірінше, тұрақты электр энергиясына қол жеткізу технологиялық бәсекеде елеулі артықшылық береді. Ендігі міндет – табиғи ресурстарды, әсіресе су қорын ұтымды пайдалану.

 

Сондай-ақ оқыңыз: