Газа секторы экологиялық апатқа ұшырады
Газа секторы аумағының 78 пайызы ластанған. Улы қалдықтар тіпті топыраққа сіңіп үлгерген. Экологиялық ұйымдардың мәліметі бойынша бұл аймақтағы қарулы қақтығыстардың салдары, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір аумақта ауа сапасы нашарлаған. Халық қара суға да жарымай отыр. Ал босқындар орналасқан уақытша тұрақтың жан-жағы қоқысқа айналып, кеміргіштер мен түрлі жәндіктер көбейді.
Соғыстан бас сауғалап қашқан Газа секторының тұрғындары жаңа нәубетке тап болды. Босқындар лагері дұрыс жарақтандырылмағандықтан, кәріз жүйесі жоқ. Осының салдарынан бар нәжіс тұрғылықты жерлерде жиналуда. Бұның арты биологиялық қауіпке әкеліп соқты.
Анвар Сарсак, Хан-Юнис тұрғыны:
– Босқындар лагерінде кәріз жүйесін құру мүмкін емес. Қажетті жабдық та, оған қаражат та жоқ. Жан-жағымызда нәжіске ағылған жәндік көбейіп, бізді шағып, одан тері аурулары пайда болды.
Аймақтағы ауа сапасы да мәз емес. 3 жыл бойғы қарулы қақтығыс салдарынан тұрмыстық, ауыл шаруашылығы және өзге де қалдықтар жиналмай ыбырсып жатыр. Сондықтан балалар арасында ауру-сырқау жиілеп кеткен.
Мохаммад Шакшак, Хан-Юнис тұрғыны:
– Бастапқыда шаң-тозаң соншалықты қауіпті деп ойламадық. Кейбір адамдар қан құсып бастағаннан кейін, күдіктене бастадық. Босқындар лагеріне дәрігерлер келгенде төбеден түскен бомбалардың құрамында улы заттар бар екенін айтты. Енді барлық нәрестелер үшін алаңдап отырмыз.
Бұрындары Газа секторында ішек таяқшалары су құрамында кездесе бермейтін. Бірақ соңғы зерттеулерге сәйкес, құдықтардың 20 пайызында қауіпті қоздырғыштар анықталған. Онсыз да тапшы суды ішпеске амал жоқ. «Бірақ балаларымыз үшін алаңдаймыз», – дейді Нисрин Хасан.
Нисрин Хасан, Хан-Юнис тұрғыны:
– Бізде таза ауыз су жоқ. Ара-тұра гуманитарлық көмек келіп тұрады. Бірақ балалардан артылмайды. Бар жақсы тамақты да тек балалардың аузына тосамыз. Бірақ гуманитарлық көмек жетіспей жатады. Сондықтан асқазан-ішек аурулары жиілеп кетті. Дәрігер жетіспеген соң, қайтыс болып жатқандар бар.
Oxfam және Conflict and Environment Observatory ұйымдарының мәліметіне сәйкес қауіпті қалдықтардың көлемі 61 тоннаға жеткен. Олардың басым бөлігі – жарылғыш заттардың қалдықтары мен қираған ғимараттардың үйінділері. Мамандардың айтуынша, олардың құрамында улы заттар жеткілікті. Айта кетейік, Газа секторынан күніне 40 мың тонна кәріз суы Жерорта теңізіне құйылып жатыр.
Авторы: Еркелді Тілеуқұл