Әлемде жерасты суы сарқылып барады

Жерасты сулары сарқылып барады. Өйткені тереңде жатқан тіршілік нәрінің қадірін біліп жатқандар аз. Адамзат мұндай рәсуаны доғармаса, көп ұзамай ауызсуға зар болып қалуы әбден мүмкін. Себебі жер асты сулары – тұщы су ресурстарының ең ірі қоры, деп хабарлайды 24KZ.

Тағы бір мәселе – мегаполистер шөгіп барады. Астындағы су кеткен соң, топырақ та сусып, жерді төменге тарта бастаған.

Әлемнің алып шаһарлары біртіндеп жер астына кетіп барады. Ғалымдар жаһанның әр шетіндегі 465 қалада зерттеу жүргізіп көрді. Nature Cities басылымының деректеріне сүйенсек, мегаполистердің астында топырақ шөгіп жатыр. Қауіпті үдеріс, әсіресе, Азия елдерінде анық байқалады. Индонезияның Медан қаласын алайық. Мұнда жер жыл сайын шамамен 33 мм-ге шөгеді. Иранның Исфахан қаласындағы көрсеткіш – 11, ал Мексика астанасы Мехикода – 8 мм. Бірақ қаланың кей аудандарында жер 217 мм-ге дейін төмендейді екен. Ал Бостон, Нью-Йорк, Лондон, Бейжің, Токио, Сеул, Сидней қалаларында жағдай біршама тұрақты.

Әлемде жалпы ауданы 6 млн шаршы шақырымнан асатын аумақта жердің қатты шөгуі байқалады. Бұл – күллі құрлықтың шамамен 5%-ы. Оның ішінде 200 мың шаршы шақырымнан астам жер – қалалық және халық тығыз қоныстанған аймақтар. Мұнда шамамен 2 млрд адам өмір сүреді.

«Топырақтың шөгуі жерасты суларын шамадан тыс қолданудың салдары», - дейді сарапшылар. Дәл осы себепті былтыр Түркияның Конья жазығында жер опырылып, 700-ге жуық шұңқыр пайда болған. 

Фетулла Арык, геолог:

– Аймақта жердің жиі опырылуының басты себебі – климаттың өзгеруі мен құрғақшылық. Соның салдарынан жерасты суларының деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Егер 2000-жылдарға дейін су деңгейі жылына шамамен жарты метрге ғана азайса, кейін бұл көрсеткіш бірнеше метрге дейін өсті. Ал 2020 жылдан бері кей жерлерде жерасты суы жылына 4-5 метрге дейін кеміп жатыр.

Су ресурстарын тиімсіз пайдаланудың бірден-бір мысалы – Мехико қаласындағы дағдарыс. 22 млн тұрғынын тіршілік көзімен қамтамасыз ету үшін мегаполис көбіне жерасты суларын пайдаланады. 2024 жылы көктемде Мексика қатты қуаңшылыққа тап болды. Ел астанасының халқы ауыз судан біржола қол үзе жаздады. Мұны ресми «Нөлдік күн», яғни «Судың нөлдік деңгейі» деп атайды. Су қоры толық таусылып, құбырлардан су берудің мүлдем тоқтау қаупін айтады. Бір ғана Кутцамала жүйесінің қоймалары небәрі 33,6%-ға толған еді. Алайда дер кезінде жауған жаңбырдың арқасында халық бұл қатерден аман қалды. Жалпы, тұтастай мегаполистердің ауыз сусыз қалуы жаһан елдері үшін таңсық емес. Мұндай жағдай 2019 жылы Үндістанның Ченнай қаласында да болған.

Әлем бойынша қатпаған тұщы су қорының 97%-ы жердің астында шоғырланған. Табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық одақтың мәліметіне қарағанда, мұздықтардан тыс тұщы судың сарқылуында жерасты суларының үлесі – 68%. Әлем халқын тұрмыстық сумен қамтамасыз етудің 50%-ы жерасты суларына тиесілі. Ауыл шаруашылығында пайдаланатын судың 40%-дан астамы дәл осы көздерден алынады.

Тереңде жатқан суды шамадан тыс алудың салдарынан кейбір қабаттарда топырақ жыныстары тығыздана түседі. Осыдан олардың кейінгі су сақтау қабілеті төмендей береді.

Энн Хейден, Қоршаған ортаны қорғау қорының су бағдарламасы жөніндегі вице-президенті:

– Жерасты сулары климаттың өзгеруіне төзімділікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Алайда қазір олар әлемдегі ең қарқынды пайдаланылатын табиғи ресурстардың біріне айналды. Бұл мәселені шешудің жолдары бар. Қоршаған ортаны қорғау қоры осы бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Дегенмен жаһандық деңгейде бұдан да ауқымды шаралар қабылдауымыз қажет. Жерасты суларын шамадан тыс пайдалануды тоқтататын уақыт келді. Өйткені адамдардың денсаулығы, экономиканың тұрақтылығы, экожүйелер мен тұтас ғаламшарымыздың болашағы осыған байланысты.

Солтүстік Америкадағы жеті штатты қамтитын Колорадо өзені алабында кейінгі 20 жылда шамамен 34,3 текше шақырым жерасты су қоры сарқылған. Биыл Колорадоның төменгі бөлігінде орналасқан Аризона, Калифорния мен Невада штаттары өзеннен су алу көлемін азайтуға уағдаласты. Оны нақты қандай мөлшерде қысқартатынын екі жыл сайын бассейндегі жағдайға байланысты анықтап отырады.

2040-2050 жылдар аралығы жерасты суларының қоры үшін ең күрделі кезеңдердің біріне айналмақ. Nature Sustainability жариялаған зерттеуге сәйкес ғасыр ортасына қарай жерасты суларын өндіру көлемі жылына шамамен 625 текше шақырымға жетуі мүмкін. Ал бұлай кете берсе, әлемде 6 жарым млрд тұрғын тіршілік нәріне зар болып қалуы да ғажап емес. Ғалымдардың болжамы осындай.

Авторы: Мөлдір Жақан

Сондай-ақ оқыңыз: