Еуропада музей тонау жиілеп кетті

Мигранттар мәселесі жыл өткен сайын қиындап барады.

Еуропада музейлер де ұрылардың оңай олжасына айналған. Бірі миллиондаған еуроның картиналарын қолды етсе, енді бірі бағалы әшекейлерден айырылып жатыр. Бұл мұражайлардың қауіпсіздігіне қатысты мәселенің өзектілігін арттырды. Құнды жәдігерлерді қалай қорғауға болады, күзетті күшейту мұражайдың көпшілікке ашық болуына кедергі келтірмей ме? 

Италияда ұрылар Парма қаласындағы мұражайды небәрі 3 минутта тонап кетті. Қаскөйлер Пол Сезанн, Пьер-Огюст Ренуар және Анри Матисстің танымал туындыларын қолды еткен. Жоғалған картиналардың құны 9 млн еуроға бағаланып отыр. Бейнебақылау камерасына түсірілген кадрларға қарағанда ұрылардың екеуі ішке ғимараттың терезесін сындырып кірген. Бұдан соң қабырғада ілулі тұрған экспонаттарды сыртта күтіп тұрған 3-сыбайласына беріп, оқиға орнынан ізін суытқан. 

Тим Карпентер, АҚШ Федералдық тергеу бюросының өнер туындыларына қатысты қылмыстарды тергеу тобының бұрынғы жетекшісі: 

- Музейлердің күзеті әлсіз. Қылмыстық топтар мұны жақсы біледі. Бейнекамералар ұрлықты тоқтата алмайды. Бұл тек болған оқиғаны түсіріп, бақылауға арналған құрал. Қылмысты азайту үшін әр музей қауіпсіздік шарасын күшейтуі керек. Бірақ шынтуайтына келгенде, жер бетінде қауіпсіз жер мүлде жоқ сияқты.

Былтыр Париждегі әйгілі Лувр мұражайы да тоналды. Ол кезде француз патшаларының зергерлік бұйымдары қолды болған еді. Бұдан соң Сицилиядағы музейден Қайта өрлеу дәуірінің әйгілі суретшісі Антонелло да Мессинаның туындылары ұрланды. Ал Испанияда үш бірдей музейдің алтын топтамасы жоғалды.  

Флоренс Имбер, Cronos күзет компаниясының басшысы: 

- Қазір картиналардың барлығы дерлік есепке алынып, тізімге енгізіледі. Халықаралық дерекқорға да тіркейді. Сондықтан ұрланған картинаны сату оңай емес. Сол себепті полицияның мұндай туындыларды қайтаруға мүмкіндігі бар. Ал әшекейлерді балқыту орындарына өткізіп жіберуге болады. Сондықтан бағалы бұйымдарды табу әлдеқайда қиын. Әшекейлердің көп ұрлануының басты себебі де осы.

Италияда 4 мың 400 музей бар. Бірақ көбінің техникалық жабдықталуы әлемдік талаптарға сай келмейді. Ал Францияның Мәдениет министрлігі жүргізген зерттеу мұражайлардың 46 пайызында бейнебақылау камералары орнатылмағанын көрсетті. Алайда сарапшылар технологияға ғана арқа сүйеу жеткіліксіз екенін айтады. 

Флоренс Имбер, Cronos күзет компаниясының басшысы:

- Егер мұражайды банк секілді күзететін болсақ, мәдени құндылықтар мекені ретінде маңызы жойылады. Адамдар есіктен кіргенде елу түрлі тексерістен өтпеуі керек. Өйткені бұл көпшіліктің музейге деген қызығушылығын азайтады. Қауіпсіздік шараларын күшейткенде, осыны ескеруіміз қажет.

Мұражайлар күзетті мейлінше күшейтіп жатыр. Қосымша камералар орнатып, келушілерге үлкен сөмке және сырт киіммен кіруге тыйым салды. Бірақ бұл мәселенің екінші қыры да бар. Музей - халық мұрасының қарашаңырағы. Сондықтан сарапшылар жәдігерлерді қорғаймыз деп, көпшілікті алшақтатып алмауымыз керек, деп отыр. 

Авторы Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: