АҚШ - Иран текетіресі қайта ушықты. ШАРТАРАП

АҚШ пен Иран текетіресі күшейіп барады.

Келіссөз әзір тоқтап тұр. Тараптар бір-біріне ұсынған шарттарын орындай алмай, керісінше соққылар үдей түсе ме деген қауіп басым қазір. Бірер күн бұрын NBC News телеарнасы АҚШ әкімшілігі Иранға қарсы жаңа соққы жасау мәселесін талқылап жатыр деп хабарлаған еді. Парсы елінің әскері де Пентагонның қоршауын бұзып, аймақтағы АҚШ базаларын шабуылдауға дайындалып жатқанға ұқсайды. Енді арағайын Қатардың не ойлағаны бар? 

"Ресми Вашингтон Иранмен қақтығысты қалаған уақытында аяқтайды. Оған қауқары да, әлеуеті де жетеді". АҚШ президенті Дональд Трамп New York Post басылымына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Ақ үй басшысының айтуына қарағанда, АҚШ қаңтар айының соңына дейін қаржыдан тарықпайды. Трамп сұхбатында Иранның әскери теңіз және әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жойылғанын айтты. Сондай-ақ Ирандағы билікке өзгеріс енгізу жоспарында жоқ екенін жеткізді. 

ЦИТАТА Дональд Трамп, THE NEW YORK POST басылымына берген сұхбатынан

Израильдің мақсаты – Ислам Республикасының билігін тоқтату. Бұған әбден қол жеткізуге болады. Алайда менің көздегенім бұл емес. Мен ешқашан билік ауысуын қолдаған да, оған қарсы болған да емеспін. Мендегі мақсат – Иранның ядролық қаруға ие болмауы. Бұл соғыс 1979 жылы басталған. Оны мен бастаған жоқпын. Бірақ осы мәселені шешу үшін нақты әрекет етуге дайын болған жалғыз президент – мен.

Қазір американдық шенеуніктер арасында бұл мәселеге қатысты ортақ ұстаным жоқ. Бірі әскери күш қолдану қақтығысты қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді деп санайды. Ал қарсы тарап шабуылдар Тегеранның ұстанымын одан әрі қатаңдатып, бейбіт келіссөздерге кедергі болатынын ескертіп отыр. Бұл тұста Пентагон да қарымта соққы мен лауазымды тұлғаларының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Күні кеше АҚШ Мемлекеттік департаменті Таяу Шығыста жүрген азаматтарына қауіп туралы ескерту жасады. Мәлімдемеде Йемендегі хуситтер мен Иран тарапынан жасалған шабуылдардың үдеп бара жатқаны жазылған. Бұл ретте АҚШ-тың дипломатиялық қызметі аймақтағы жағдайдың күрт шиеленісу мүмкін екенін алға тартады. Ал Катардың арағайындығынан әзір нәтиже жоқ, дейді сарапшылар. 

Исмаил Багаи, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Иран халқы қорқыту сипатындағы мұндай мәлімдемелерге бола өз Отанынан, құқықтары мен қадір-қасиетінен бас тартпайды. Біз өзіміздің ақ екенімізді білеміз және АҚШ-тың басқыншылық әрекеттеріне қарсы тұру үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз. АҚШ-тың экономикалық санкциялар, экономикалық және теңіз блокадасы деген желеумен алға тартқан шаралары Иранға қарсы жасалған әскери агрессия актісі екенін естен шығармау керек. Қатарда Иранның елшісі жоқ. Сондықтан Сыртқы істер министрлігіне уақытша Қатардың сенімді өкілі шақыртылды. Оған Иран тарапының ресми наразылығын табыстадық.

Рас, бұл арада ресми Тегеранның да шегінгісі жоқ. Иранда қыз-келіншектер де қару ұстап, отанын қорғауға ниетті. «Иран жолындағы құрбандық» бастамасы аясында әйелдерге арналған әскери дайындық орталығы ашылды. Онда әйелдер қару қолдану, қала ішінде қорғану, өрт сөндіру және құтқару жұмыстарын жүргізуді үйренеді. Ел билігі мақсатымыз қорғаныс қабілетін күшейтіп, төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп мәлімдеді. Ал АҚШ-қа Иранның келіссөздер тобының жетекшісі Мұхаммед Багер Ғалибаф келіссөздерді бастау үшін орындалуы тиіс жеті шартты атады. Олардың арасында атысты тоқтату, теңіз блокадасын алып тастау, мұнай экспорттауға рұқсат беру және бұғатталған активтерді босату бар. Иран Ормуз бұғазын ашу және ядролық келісім мәселелерін осы талаптар орындалғаннан кейін ғана талқылауға әзір екенін мәлімдеді. 

Мұхаммед Багер Ғалибаф, Иран парламентінің спикері:

- Біздің ұстанымымыз нақты және өзгерген жоқ. Иранның жеті шарты орындалмайынша, ілгері бір қадам да жасалмайды, келіссөздер де жүргізілмейді. Қарсы тарап шалыс басып, қателікке бой алдырған жағдайда, біз де әрекетсіз қалмаймыз. Салдары тым ауыр болуы мүмкін.

Қазір Иран теңіз блокадасына төтеп беру үшін сауда бағыттарын қайта құрып жатыр. Ел билігінің мәліметіне сәйкес, солтүстік бағыттағы және құрлықтағы шекаралар арқылы өтетін жүк тасымалы көлемі күрт артқан. Әйтсе де, Вашингтон бұл бағыттарды да шектеуге кірісті. Қараша айында АҚШ санкцияға іліккен жүктерді құрлықта және Каспий теңізі маңында бөгеу мақсатында Iron Gate деп аталатын арнайы жедел топ құрды. Кейінгі бір айда АҚШ Иранға шабуылдау үшін 1 миллиард доллар жұмсаған. Associated Press мәліметіне сәйкес, жалпы осы уақытқа дейінгі шығын көлемі 48 миллиард долларға жетті. Бұл сомаға жауынгерлік операциялар ғана емес, техника мен оқ-дәріге жұмсалған қаражат та кіреді. Бірақ Таяу Шығыстағы американдық базалардың зақымдануына байланысты шығындар енбеген. АҚШ пен Иран ұсыныстарын Қатар және өзге де арағайындар арқылы жеткізуді жалғастырып отыр. Ал қай тараптың өз ұстанымынан бас тартатыны әзір беймәлім.

Жезқазғандық оқушылар адамның демінен асқазан рагін ерте сатыда анықтайтын құрылғы жасады. Бұл жоба жасанды интеллект жылына орай ұйымдастырылған облыстық байқауда үздік атанды. Жас ғалымдар құрылғыны  әлі де жетілдіріп жатыр. Өнертапқыш өрендер бұдан бөлек судың құрамындағы ауыр металдарды ажырататын сүзгі ойлап тапты.

Сондай-ақ оқыңыз: