ЭЫДҰ Даму орталығында сауда кедергілерінің салдары талқыланды

Егер әр мемлекет тауар өндіруде ынтымақтастықты шектеп, өндірісті өз аумағына көшіре бастаса, әлемдік экономика 5 пайызға қысқаруы мүмкін. Парижде 56 елдің өкілдері жаһандық экономикалық өсімді қамтамасыз етудің жаңа жолдарын талқылады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб-пәтерінде Даму орталығы Басқарушы кеңесінің оныншы отырысы өтті. Біздің ел – Франция, Мысыр және Коста-Рикаменмен бірге жиынға тең төрағалық етіп отырған төрт мемлекеттің бірі саналады. Қазақстан басқосуда қандай бастамалар көтерді? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Даму орталығында жоғары деңгейдегі отырыстар екі жылда бір рет өтеді. Басқосудың басты тақырыптарының бірі – әлемдік экономикалық байланыстың әлсіреуі. Сауда кедергілері шығынды көбейтіп, инвестиция мен технологияға қол жеткізуін қиындатады. Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Қазақстанның осы сын-қатерлерге қарсы ұстанған бағыттарына тоқталды. Олар – экономиканы әртараптандыру, көлік байланыстарын нығайту және цифрландыру. Мәселен, биылғы тоғыз айда Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалының көлемі 30 пайызға артқан.

Асан Дарбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

– Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан Даму орталығының жұмысына қатысып, онымен ынтымақтасып отырған жалғыз мемлекет. Бұл алаңда жасанды интеллект пен сауданы дамыту және экономиканы әртараптандыруға қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Сын-қатерлердің ауқымы кеңейіп, жаһандық сипат алып келе жатқанын ескерсек, сенімді серіктестермен тиімді ынтымақтастық орнату қажет. Біз олармен өзара тәжірибемізбен бөлісе аламыз.

Жиын аясында Қазақстан делегациясы Ұйымның бірқатар құрылымдық бөлімшесінің басшыларымен кездесті. Мемлекеттік басқару жөніндегі директораттың директоры Эльза Пиличовскимен еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін ұйым стандарттарымен сәйкестендіру жолдары талқыланды. Ал Еуразиялық бағдарламаның жетекшісі Уильям Томпсонмен институционалдық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Даму орталығының директорымен зерттеу географиясын кеңейту талқыланды. Осы уақытқа дейін Орталықтың негізгі өңірлік зерттеулері Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай және Үндістанды қамтып келген. Енді келесі жылы Азия экономикасына арналған баяндамаға Орталық Азия елдерін де енгізу көзделіп отыр.

Рагнхейдур Элин Арнадоттир, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы даму орталығының директоры:

– Қазақстан Даму орталығына мүше болған он жыл ішінде көптеген бағыт бойынша, мәселен, зиянды шығарындыларды азайту саласында өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Сонымен қатар біздің гендерлік теңдікке қатысты зерттеу деректерімізге сүйеніп, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін заңнамаға өзгерістер енгізді. Орталық Азияға келсек, қазір Азия өңіріне арналған баяндамамыздың аясын кеңейтіп жатырмыз. Қазақстан да бұл істе тәжірибесімен бөлісе алады.

Тағы бір сессия жасыл экономика мен цифрлық технологиялардың дамуы жағдайында халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне арналды. Жиынды жүргізген вице-министр Асан Дарбаев мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті. Жиын қорытындысы бойынша Даму орталығының алдағы жұмыс бағыттарын айқындайтын коммюнике қабылданды.

 

Сондай-ақ оқыңыз: