ЕХРО-2017 көрмесін тамашалауға Чехия мемлекетінің басшылығы келеді

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма басшысы Ахметжан Есімов Чехия Өндіріс және сауда министрі Ян Младекпен, Чех Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Элиш Жигавомен және Чехия ұлттық павильонының Комиссары Ян Крсомен ЕХРО-2017 көрмесі ұйымдастырушылар кеңсесінде кездесу өткізді. Кездесуде Чех Республикасының ЕХРО-2017 көрмесіне қатысу келісімшартына қол қойылды.

Басқосу барысында Ахметжан Есімов «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткізілетін көрмені ұйымдастыру жұмысы туралы, сондай-ақ, халықаралық қатысушыларға павильондардың берілу дайындығына тоқталып өтті.

«ЕХРО-2017 көрмесіне дайындық қарқынды жүргізілуде, біз ендігі мазмұнмен толтыру кезеңіне көштік. Соңғы аптаның өзінде көрмеге қатысатындығын 6 мемлекет пен 1 халықаралық ұйым растады. Жалпы алғанда, қатысушы мемлекеттер саны 112, халықаралық ұйымдар 18-ге жетті. Біз қатысушы мемлекеттерге павильондарды өткізу және пәтерлерді беру жұмыстарына кірісіп кеттік», - деді ұлттық компания басшысы.

Басқарма басшысы ірі трансұлттық компаниялардың көрмеге қызығушылығының ерекше екендігін айтты. Samsung, Shell, Chevron және тағы да басқа компаниялардың көрме серіктесі болғандығына тоқталды. Серіктестік тарапынан 126 млн еуро көлемінде демеушілік көмек көрсетілді.

Чех Республикасының Өндіріс және сауда министрі Ян Младек ЕХРО-2017 көрмесінің өткізілуі екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты арттырып, баламалы энергия көздерін пайдалану саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретіндігіне, сондай-ақ энергия жетіспеушілігі мен жаһандық экология мәселесінің шешілуіне ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

«Көрме тақырыбы бізге өте жақын. БЭП (ВИЭ) дамыту бойынша үлкен тәжірибеміз болғандықтан, осындай ауқымды іс-шараға қатысуға қызығушылық білдіріп отырмыз. Сондықтан ЕХРО-2017 көрмесін тамашалауға мемлекетіміздің басшысы, Премьер-министр мен Үкімет мүшелері келетін болады», - деді Ян Младек.

Сонымен қатар, Ахметжан Есімов ЕХРО-2017 көрмесіндегі Нидерланд Корольдігінің ұлттық секциясының комиссары және Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Дирк Ян Коппен кездесті. Кездесуде екі жақ алдағы көрмеге дайындық барысын талқылап, голландиялықтар павильонына қатысты техникалық мәселелер айтылды, деп хабарлайды «Астана ЭКСПО-2017» ҰК баспасөз қызметі.