Чехияда ажырасқандар көбейді

Чехияның отбасылық психологтары коронавирус індетінің кесірінен мыңдаған адам ажырасқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың кейбірі оқшаулануға төзе алмаған. Әйелдердің көбі күйзеліске ұшырап, жүйке ауруларына шалдыққан көрінеді. Әлеуметтанушылар мәліметінше, Чехияның әр жетінші үйелмені қиындыққа шыдамай, ажырасып кеткен. Осы жағдайдан кейін Прагада психологтар кеңесі құрылды. Бұл ұйым отбасыларды қайта татуластыруға тырысады.

Чехияда соңғы алты айда неке қиюдан гөрі ажырасу саны күрт артқан. Бұл дерек әлеуметтік қорғау бөлімдеріне тапсырылды. Осы ретте жергілікті психологтар отбасыларға қолдау көрестуді ұйғарды. Олар арнайы гильдия құрып, оған 63 маман кірді. Желтоқсан айының ортасынан бастап олар ажырасып кеткен 400-дей отбасымен кездесті.

Марта Гришек, отбасылық психолог:

- Ата-аналары балаларымен бірге өз үйлері мен пәтерлерінде қамалып отырды және бұрын кездеспеген мәселелерге тап болды. Қашықтан қалай жұмыс істеу керек, тамақты кім дайындайды, бұрын байқалмай жүрген жұбайының жаман әдеттеріне қалай қарау қажет секілді сауалдар туындайды. Тіпті бұрынғыдай оңаша қалуға мүмкіндігі жоқ.

Мамандардың пікірінше, оқшаулану тұрмыстағы қатынастарға кері әсер тигізді. Өйткені күйзеліске шалдыққан жандар бұрынғыдай дүкенге барып немесе достарымен кездесіп, көңіл көтере алмайды. Ғалымдар ажырасқан жұптарға отбасында тату тұрудың сырын үйретпек. Алайда бұл істе бірден қиындықтарға тап болды.

Яна Буневич, отбасылық психолог:

- Ажырасқан жұбайлардың тізімі бізде бар, үйлерін аралауға тура келеді. Көбінесе ер адамдар кездесуден бас тартады, мәнісі жоқ шара деп санайды. Алайда шын жүректен көмек сұрайтын ерлі-зайыптылар да кездеседі. Өздерімен не болып жатқанын түсінбей жүргенін мойындайды.

Соңғы рет Чехияда жаппай ажырасу оқиғалары 80-жылдардың соңында жиілеп кеткен еді. Психологтар осыған қатысты дабыл қағып, статистикалық мәлімет келтірілген құжатты парламентке тапсырды. Олар үкіметтен бұл мәселеге көңіл бөлуді сұрап отыр.

Авторлары: Александр Грэс, Павел Невид