Ауа райының қолайсыздығы әлемді әбігерге салды

Әлем коронавируспен күресіп әлек болып жатқанда күн райы да құбылып, біраз елді әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мыңдаған адам баспанасыз қалып, жан сауғалап кетті. Бір елде төпелеп қар жауса, енді бірінде алапат өрт дес бермей тұр.

***

Боливия су тасқынынан зардап шекті. Аймақта көптеген ғимаратты су басқан. Адам шығыны да бар. Осы уақытқа дейін 4 кісі көз жұмған. Опат болғандардың саны әлі де өсуі мүмкін. Қазір аймақта құтқару операциясы жүріп жатыр.

***

Ал Австралияның Перт қаласында қазір алапат өрт. Оттың өршігені сонша, оны сөндіру қиынға соғып тұр. Мамандар қанша арпалысқанымен, қызыл жалын бой бермей барады. Желдің екпіні, отты одан сайын өршітті. Істің осылай насырға шабуына байланысты жергілікті тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшірілген.

Рейчел Хайнс-Вессон, жергілікті тұрғын:

- Қазір жолдар жабық. Үйімізге қашан оралатынымызды білмейміз. Баспанамыз жарамды ма жоқ па, ол да белгісіз.

***

Үнді жерінде де табиғат тосын мінез танытты. Елдің солтүстігіндегі Сринагар қаласында қар қалың жауып, жұртты әбігерге түсірді. Жолдар жабылған. Үйлер жарықсыз. Ал ел астанасы Нью-Делиді қою тұман басып тұр.

Джайант Халдер, турист:

- Тұманнан түк те көрінбейді. Қалада жүріп-тұрудың өзі қиындады.

***

Италиялықтар қар құрсауында қалды. Ақ ұлпа солтүстік өңірдегі үйлерді басып, жолдарды жауып тастаған. Өйткені қардың қалыңдығы кей жерлерде 2 метрден асады. Қазір аймақта өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Дей тұрғанмен, синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Олардың айтуынша, алдағы демалыс күндері де тұрғындар ақ түтектен көз ашпайды.