Украинада карантин қайта күшейтілді

Бүгіннен бастап Украинада карантин қайта күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет неге мұндай шешім қабылдады? Қатаң локдаунда халыққа қандай тыйымдар салынбақ?

Аида Қыдырбай, тілші:

- Жаңа жылдағы мерекелер мен жалпы халықтың қыдырулар эпидемиялогиялық жағдайға кері әсерін тигізбей қоймады. Жаңа жылдың алдында вирус жұқтырғандар саны тәулігіне 5 мыңның төңірегінде болса, соңғы сағаттағы статистика бойынша науқастар саны 9 мыңға жеткен. Сондықтан Украина билігі қатаң карантин шараларын қайта күшіне енгізді. Атап айтсақ, балабақшадан басқа орта және жоғарғы білім беру ордалары, көңіл көтеру, сауда орталықтары, спортзалдар жұмысы толығымен тоқтамақ. Мемлекеттің мұндай шешіміне әрине, елдегі шағын бизнес өкілдері қарсылық танытуда, бірқатар наразылық акциялары ұйымдастырылды. Черкасс, Тернополь қалаларының басшылары «карантин тәртібіне бағынбайбыз» деп бастапқыда бұлғақтағанымен, кейін райынан қайтып, талап орындалатынын жеткізді.

Максим Степанов, Украина денсаулық сақтау министрі:

- Күнделікті коронавирустан Украинада 200-ге жуық адам көз жұмып жатыр. Бүгінге күнге дейін 23 мың науқас емханада жатыр. Оның 10%-інің жағдайы өте ауыр. Біз қатаң карантиннің енгізілетінін алдын ала мәлімдеген едік. Сондықтан жеке бизнеспен келісімге келдік. Сондықтан жағдайды бәрі түсінеді деп ойлаймын. Жаңа жылдағы мекерелерден кейін ауру жандардың саны күрт артты. Осыны карантинмен тоқтатпасақ, Украина медицинасы мұндай ауыртпалықты көтере алмайды.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Жаңа жыл кезінде Украинаның атақты курорты Буковельге шаңғы тебуге барғанда жалпы карантин талаптарының мүлдем сақталмайтынын өз көзіммен көрген едім. Мысалы, телефон арқылы түсірілген мына видеодан 20-30 адамның бір жерде шоғырланғанын көруге болады. Мейрамхана мен клуб, бар, кафеде де сондай жағдай. Күні кеше ғана пойызда түсіріп алған видеодан да тұрғындардың әлеуметтік жауапкершілігі аз екенін және сол талапты жүрдім-бардым сақтайтын басшылардың әрекетін байқауға болады. 1 қаңтардан бастап небәрі бір аптада Киев қаласы бойынша құқық қорғаушылар карантин талабын сақтамағаны үшін 134 әкімшілік хаттама толтырған. Хаттаманың көбісі бетперде кимеген не болмаса арақашықтық сақтамаған адамдарға берілген. Сондай ақ жұмысын тоқтатуға құлықсыз клуб пен спортзалдар мен кафе-мейрамхана басшылығын полиция әкімшілік жазаға тартты. Мемлекеттік ұйымдардан, балабақша жұмыс істейтін болады. Мектеп пен ЖОО қашықтықтан оқыту, яғни онлайн жүйесіне көшеді. 60% аумағы азық-түлікке арналған дүкендер мен жанармай құю бекеттері, пошта қызметі, қонақүйлер және қаржы ұйымдары қызметін жалғастырады. Алдын ала жазылған болсаңыз, шаштараз бен сұлулық салондарына да баруға болады. Халықаралық әуе жол мен темір жол қатынастары тоқтамайды. Қоғамдық көлік пен метро да әзірге жұмысын жалғастырмақ.