Өзбекстанда букмекерлік қызмет заңдастырылды

Бірақ спорттық шараларға ақша тігуге болатын сауықханалар тек күзге қарай ашылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ел билігі саланы реттейтін тиісті нормативтік базаны құрып жатыр. Букмекерлер ел қазынасы жыл сайын 150 млн АҚШ доллары көлемінде қосымша кіріс әкеледі деп сенеді ала тақиялы ағайын.

«Букмекерлік қызметтің экономикалық тиімділігі жоғары» деген уәжбен өзбек билігі жыл басынан спорттық шараларға ақша тігуді заңдастырды. Президенттің осыған қатысты тиісті жарлығы шықты. Оған сәйкес ойын-сауық орындары тапқан пайданың белгілі мөлшерін спорттың дамуына жұмсауы тиіс.

Дильшод Наркобилов, Өзбекстан футбол қауымдастығының заңгері:

– Букмекерлік кеңселер тапқан пайданың бір бөлігін бір тоқсанда бір рет, әлде әр айда, не жарты жыл сайын спорттың дамуына бөлуі тиіс. Я болмаса бұл ақшаны салықпен қоса ел қазынасы салады. Бұған қатысты нақты тетіктер әзірге ойлап табылған жоқ. Дегенмен пайда табудың мұндай амалы Қазақстанда да, Ресейде де бар. Мәселен, Ресейдің заңында табыстың белгілі бір мөлшерін спорттың дамуына жұмсау міндетті деген тармақ бар.

Көрші елдің ойынқұмар азаматтары қазір көлеңкелі мекемелерде ойнап жүр. Тіпті спорттық шараларға бәс тігу үшін шетел асатындар да баршылық. Осылайша өзбекстандық ойыншылардың жылына 150 млн АҚШ доллары өзге букмекерлердің қалтасына кетіп отыр деп налиды биліктегілер.

Дильшод Наркобилов, Өзбекстан футбол қауымдастығының заңгері:

– Біздің елде букмекерлік қызмет 2005 жылға дейін рұқсат етілген еді. Кейін жергілікті билік ойынханалардың жұмысына тыйым салды. Қылмыстық және Әкімшілік Кодекстеріне жауапкершілік енгізді. Алайда бүгінде бұл заң жұмыс істемейтінін көріп отырмыз. Адамдар жасырын ойнап жүр.

Жасын Біркенов, тілші:

– Енді Өзбек билігі саланы реттейтін жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Мамандардың айтуынша, нормативтік база күзге қарай дайын болады. Букмекерлік кеңселер сол кезде ғана ашылмақ. Қазір шетелдік букмекерлер 34 млн халқы бар жаңа нарыққа көз тігіп, алақандарын ысқылап дайын отыр. Десе де көрші ағайын лицензия алу үшін өте қатаң талаптар қоятыны анық дейді сарапшылар.

Ж.Біркенов, Қ.Оспан