Италия ауруханасында ауыр халдегі науқастарға құшақтасуға рұқсат берілді

Италия ауруханасында ауыр халдегі науқастарға құшақтасуға рұқсат берілді

Италия ауруханаларының бірінде коронавирус ауруы асқынған науқастарға жақындарымен құшақтасуға рұқсат берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда олар мұны тек арнайы пластик арақабырға арқылы жасай алады. Осылайша, айлап көріспеген туыстардың ауруды жұқтырудан қорықпай, бір-бірін құшаққа алып, жүздесуге мүмкіндігі бар. Осындай терезе жасауды аурухана қызметкерлері ұсынған. Бұл кездесулерден кейін науқастардың денсаулығы да айтарлықтай жақсаратынын байқапты.

Ивана Пизу, науқастың жұбайы:

- Сырқатының кесірінен 21 күн бойы күйеуімді көрген жоқпын. Оны құшақтап, демеу бергеніме қуаныштымын. Бұл керемет болды.

Джулия Джулиани, медбике:

- Маған және әріптесіме осы ой келді. Науқастар мұнда айлап жатады. Дәрігерлерден өзге ешкімді көрмей, қатты қиналады. Бейнебайланыс немесе кәдімгі телефон арқылы жақындарымен хабарласу жеткіліксіз. Сондықтан аурухана басшылығына мұны ұсынып, қолдауына ие болдық.