Еуроодақта вакцинаға қатысты жанжал шықты

Еуроодақта вакцинаға қатысты жанжал шықты
фото: rbc.ru

Еуроодақта коронавирусқа қарсы вакциналардың дұрыс жекізілмеуіне байланысты жанжал шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әңгіме AstraZeneca екпесі жайлы. Негізі оны Еуроодақ елдерінде қолдануға әлі рұқсат берілген жоқ. Десе де, келісім бойынша AstraZeneca компаниясы наурыздың соңына таман одақ елдеріне екпенің 80 миллион дозасын жеткізуі тиіс еді. Алайда енді тек 31 миллион доза ғана жіберетінін айтқан. Препараттың ақшасы былтыр жазда төленіп те қойған екен. Алайда AstraZeneca өкілдері логистикалық қиындықтарға байланысты Кәрі құрлыққа жеткізілетін вакцина көлемін 60%-уке қысқартуға мәжбүр екенін айтқан. Бірақ Еуроодақ өкілдерінің пайымдауынша, еуропалықтарға арналған партиялар басқа елдердің нарығына кетіп қалуы мүмкін. Осы ретте ресми Брюссель препарат өндіруші компаниядан түсініктеме беруін талап етіп отыр.

Стелла Кириакидес, Денсаулық сақтау мәселелері бойынша еурокомиссар

- Пандемия кезінде күн сайын мыңдаған адам көз жұмып жатыр. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл жақынынан айырылған адамдардың қайғы-қасіреті. Сондықтан дәрі-дәрмек компаниялары мойнына алған міндеттемелерін орындауы тиіс. Өндірушінің берген түсініктемелеріне көңіліміз толмайды. Сондықтан өзіне деген сенімін жоғалтпау үшін компания вакцинаны тез жеткізудің жолдарын тапсын.