Болгарияда қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері ереуіл өткізді

Болгарияда қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері жалпыұлттық ереуіл өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүздеген адам ел астанасы Софияның орталық көшесін жауып тастап, салдарынан көлік қозғалысы шектелген. Бұған дейін билік тамақтану орындары тек 1 наурызда ғана біртіндеп жұмысын қайта бастайтынын айтқан. Алайда ереуіл қатысушылары мейрамхана мен дәмханаларды келесі аптада ашуға рұқсат беруін талап етіп отыр.

Бойко Борисов, Болгария премьер-министрі:

- Қазір эпидемиологиялық көрсеткішер біршама жақсарып қалды. Кісі өлімі мен жансақтау бөліміндегі науқастар саны азайды. Осыған қуанудың орнына жұрт індеттің қайта өршуіне әкеп соқтыратын жағдайға бармақ. Бұл ақылға қонымсыз. Біз шектеу шараларын біртіндеп жеңілдетеміз.

Йордан Атанасов, шарапхана иесі:

- Жабылғанымызға 2 айдан асып кетті. Ол кезде тәуліктік өсім 5 мың шамасында болатын. Ал қазір бір күнде 500 науқастан тіркеліп жатыр. Бірақ еш өзгеріс жоқ. Қонақ үй ішіндегі мейрамханаларға жұмыс істеуге болады. Ал біз ше? Билікте нақты жоспар жоқ. Үкімет былтыр қазанда қаржылай көмек көрсетеміз деген. Алайда әлі күнге дейін ештеңе алған жоқпыз.

Нидерландта да жұрт бірнеше күн бойы коменданттық сағатты алып тастауды талап етіп отыр. Осы ретте көшелерді күзетуге футбол жанкүйерлері тартылған. Мұнда жағдай өткен күндермен салыстырғанда біраз тынышталған. Қақтығыстар жоқ. Бірақ Амстердамда бірнеше топ полицейлерге тас пен петарда лақтыра бастаған. Оларды тарату үшін арнайы жасақ шақыртылды.

Ливандағы наразылық акциясы полициямен қақтығысқа ұласты. Жұртты тарату үшін әскерилер мен брондалған техника тартылды. Жиылған жұрт коменданттық сағатты алып тастауды талап еткен. Сондай-ақ биліктен ешқандай көмек көрсетілмей отырғанын айтады. Мұнда осымен үш күн бойы тәртіпсіздіктер басылмай тұр. Жарақат алғандар саны 230 адамға жуықтаған.