Гамалеи орталығы: «Спутник V» вакцинасының тиімділігі – 91%

«Спутник V» вакцинасын өндірушілер «препараттың иммунитетке және ауру асқынған жағдайда әсері күшті» дейді.

Гамалеи орталығының мамандары екпенің эпидемиологиялық тиімділігі 91% құрайтынын айтады. Препаратты жасаған мамандар Мәскеудегі тілшімізге сұхбат беріп, «Спутник V»-ден қандай жанама әсер байқалғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар вакцинадан қалыптасқан антиденелердің ерекшелігін айтып берді.

Әлем бойынша алғашқы болып тіркелген «Спутник V» қазір Ресей тұрғындарын вакциналауда қолданылып келеді. Гамалеи орталығының мәліметінше, тіркеуден кейінгі зерттеулер барысында оның өлімге немесе ауыр жанама әсерге әкелетіні анықталған жоқ. Тек кейде екпе жасаған жер сәл ауырып, екі күндей дене қызуы 38 градусқа көтерілгені байқалған.

Александр Гинцбург, Гамалеи орталығының директоры:

- Бұлшықеті сәл ауруы мүмкін, кейде басы ауырып, мең-зең болады. Ал дене қызуынан қолайсыздық сезсе, парацетамолдың бір түйірі бұл мәселені шешеді. Осы күнге дейін жүргізген зерттеулер барысында мұндай жағдай вакцина қабылдағандардың шамамен 15-16%-інде байқалды.

Мамандар «екпе егілген адамдардың 85%-інде жанама әсер мүлдем сезілген жоқ» дейді. Қаңтардың ортасына қарай екпе Ресейдің 1,5 миллион тұрғынына салынды.

Георгий Кормаков, Мәскеу тұрғыны:

- Барлық тұстарын ойлап, қазір вакцина егу керек деген пікірге келдім. Өйткені дертті жұқтырғаннан гөрі вакцинаның жанама әсеріне шыдаған дұрыс болар. Сол себептен тезірек екпе салдыруды ұйғардым.

Эпидемиологтардың айтуынша, вакцина еккеннен кейінгі иммунитет аурудан жазылып шыққандарда ұзақ сақталады. Ал симптомсыз ауырған адамдарда антиденелер мүлдем қалыптаспауы да мүмкін.

Александр Гинцбург, Гамалеи орталығының директоры:

- Егер ауру жеңіл өтсе, ұзақ уақыт қанында жүретін антиденелер қалыптаспайды. Ал ауыр өтіп, дене қызуы тым жоғарылап, өкпесінің бір бөлігін зақымдаса, антиденелер пайда болады..

Ресей тікелей инвестициялар қорының мәліметінше, алдағы бірнеше аптада «Спутник V» вакцинасы 25 елде тіркеледі.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко