Куба карантиндік шектеу шараларын қатаңдатты

Куба карантиндік шектеу шараларын қатаңдатты

Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты Куба билігі карантиндік шектеу шараларын қатаңдата бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа талап бойынша елге кірген кез келген адам коронавирусты анықтайтын тесттің теріс нәтижесі шықпайынша, оқшаулануы міндетті. Карантинде отыратын турист қонақүйдегі шығынын өз қалтасынан төлейді. Ал елге келген кубалық азаматтың оқшаулануын мемлекет өзі өтейді. Жаңа ереже ақпанның 8-інен бастап күшіне енбек. Сонымен қатар АҚШ, Мексика, Панама мен Багам аралдарымен қатынайтын әуе рейстері қысқартылатын болады.

Франсиско Дуран, Куба денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

– Соңғы кездері аймақта тіркелген жаңа науқастардың саны артып барады. Оның үстіне елге ағылған туристердің қарасы да қалың. Эпидахуалдың ушығуынан барлық саяхатшыға қатысты шектеу шараларын қатаңдатып жатырмыз.

Карантин талаптары Францияда да күшейтілді. Егер бұрын елге келгендер бірнеше апта оқшауланатын болса, енді Францияға Еуроодақтан тыс мемлекеттерден қатынайтындар үшін шекара жабық. Ал Еуроодақ аймағынан келетін жолаушыларда ПТР тесттің нәтижесі болу керек. Өзге мемлекетке бару үшін азаматтардың шұғыл себебі болуы тиіс. Қызмет бабымен немесе денсаулығына байланысты жолға шығатындарға тиісті декларация тапсыруларына тура келеді.