АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцина дәріханаларға жеткізілетін болды

АҚШ президенті елдің имиграциялық мәселелеріне қатысты бірнеше жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек, Байден әкімшілігі вакциналауды барынша қолжетімді қылу үшін атқарылатын жұмыс жоспарымен де бөлісті. Оның аясында елде коронавирусқа қарсы екпе дәріханаларға жеткізілетін болды.

Талғат Алманов, тілші:

- Бұдан былай шалғайда тұратын америкалықтардың жергілікті дәріханалардан екпе алуға мүмкіндігі болады. Ол үшін Байден әкімшілігі келесі аптадан бастап АҚШ бойынша 6,5 мыңға жуық дәріханаға Moderna және Pfizer екпелерін жеткізуді көздеп отыр. «Қазірдің өзінде екпені тасымалдау көрсеткіші өткен аптамен салыстырғанда 16%-ке  өскен», - дейді мамандар. Ал осы уақытқа дейін вакцинаның дені негізінен ауруханалар мен жедел жәрдем бөлімшелеріне жіберілгенін ескерсек, ол тізімге дәріханалардың қосылуы екпені тіпті қолжетімді етпек.

Джеф Зиентс, Ақ үйдің коронавирус жөніндегі координаторы:

- Қазіргі көрсеткіштер көңілді көншітеді. Әсіресе, өткен аптамен салыстырғанда жақсы нәтиже байқалуда. Қазіргі мақсатымыз ковид вакцинасын барлық штаттарға дер кезінде жеткізу. Екпені алам деген кез келген адам алдағы аптадан бастап дәріханаларға хабарласа алады. Алдағы уақытта вакцинаны 40 мың дәріханаға жеткіземіз деп отырмыз.

Жұқпалы ауруларды басқару және алдын алу орталығының мәліметі бойынша желтоқсаннан бері ковид вакцинасының 52 миллион дозасы шығарылыпты. Ал екпені алып үлгергендердің саны 30 миллионнан көп. «Дегенмен, ковид індетін жұқтырғандардың саны 24 млннан асып, қайтыс болғандар саны 450 мыңға жеткенін ескерсек, бұл әлде де жеткіліксіз», - дейді мамандар.

Энтони Фаучи, иммунолог:

- Вакциналау уақыт күттірмейтін шаруа дер едім. Халықты жаппай вакциналау арқылы біз бұл індеттің жайылуын тежеп, мутациялануының алдын аламыз. Өзге елдердегі ахуалға қарай отырып, ондай қателіктерге бара алмаймыз. Осы себепті де халықаралық ұйымдармен біріге жұмыс істеуді көздейміз.

Сондай-ақ, вакциналаудың ақсайтын тағы бір тұсы түсіндірме жұмыстарының әлсіздігі мен тасымалдың жүйесіздігі. Екпені алатындардың дені ақ нәсілді америкалықтар. Мәселен, АҚШ-тың 17 штаты тұрғындарын екпемен қамтамасыз етуде кенже қалып отыр.

Дариен Саттон, дәрігер:

- Ақ амеркалықтарға қарағанда, қара нәсілділердің немесе латынамерикалық азаматтардың екпені салдырудағы көрсеткіші төмен. Бұл мәселенің негізі дұрыс насихаттың жүргізілмеуінде. Халыққа вакцинаның қауіпсіз екендігін түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек. Сондай-ақ ауруханаларда жұмыс істейтін қара нәсілді азаматтардың өте аз болуында.

Байден әкімшілігінің жоспарына сай дәріханалардан бөлек, ауруханалар мен жедел жәрдем орындарына апта сайын 10 милионға жуық доза жеткізілу жоспарлануда. Айта кетейік, Джо Байден президенттік қызметке кіріскелі бері вакцинаны жеткізу мөлшерін 20%-ке дейін ұлғайтып үлгерді. Сондай-ақ ол президент ретіндегі алғашқы жүз күнінде 100 млн дозаны халыққа жеткізілуін қадағалайтынын мәлімдеген еді.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров