Вирустың мутацияға ұшырауы вакцинаның тиімділігін төмендетеді – ғалымдар

Кембридж университетінің ғалымдары мутацияға ұшырап жатқан коронавирустың британдық штаммына қарсы вакцинаның тиімділігі 10 есе қысқарғанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар «Пфайзер» вакцинасын қабылдағандардың қан сынамасын зерттей отырып осындай шешімге келіп отыр. Бұған қарамастан дәрігерлер жаппай вакцинация науқанынан кейін індетке шалдығатындардың саны едәуір азаятынына сенімді. Айта кетейік, бүгінде бұл вакцинаның бірінші дозасын 10 млн-ға жуық Ұлыбритания азаматы қабылдап үлгерді.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Анықталған жаңа науқастардың саны әлі де көңіл көншітпейді. Дәрігерлердің еңбегінің арқасында Біріккен корольдіктің 10 млн-ға жуық тұрғыны вакцинаның бірінші дозасын екті. Елдегі 75 жастан асқан азаматтардың шамамен 90 проценті екпе қабылдады.

Оксфорд университетінің ғалымдары «Астразенека» вакцинасының бірінші дозасы 3 ай бойы ағзаны 76 процентке вирустан қорғайтынын мәлім етті. Сонымен қатар препаратты бір рет қабылдағанның өзінде аурудың таралуы 67 процентке тежелетінін айтып отыр.

Айта кетейік, зерттеу жұмыстарының нәтижесі Еуроодақтың бірнеше елінде Астразенека препаратының тиімділігіне күмән туа бастағаннан кейін жарияланды.

Эндрю Поллард, профессор:

– Вакцинаның бірінші дозасын енгізгеннен кейін вирус анықталған науқастардың саны қысқарды. Яғни инфекцияның таралуы да азайды деген сөз.