Грекияның круиз компаниялары вакцинаға үміт артып отыр

Грекия билігі халықты вакциналау жұмыстарын туристік маусымның басталуына дейін аяқтауға ниетті. Туризмнің ел экономикасындағы үлесі 20 процент шамасында.

Пандемия салдарынан дәл осы сектор қатты зардап шеккен. Әсіресе круиздік компаниялардың шығыны шаш етектен. Өйткені кемелер бір жылдан бері айлақтарда қаңтарылып тұр. Қызметкерлер демалысқа жіберілгенімен су көлігіне техникалық қызмет көрсетудің бір күндік ақысы 15 мың еуроға дейін жетуі мүмкін. Осы ретте круиздік компания өкілдері коронавируске қарсы вакцинаға үлкен үміт артып отыр.

Георгий Коумпенас, Celestyal круиздік компаниясының өкілі:

- Қолында «вакцина алды» деген құжаты бар адамдардың саяхаттауы әлдеқайда жеңілдейтіні сөзсіз. Бірақ әрбір ел өз ережесін орнатуы мүмкін. Біз тамызға дейін круиздік сапарларды бастамасақ, ары қарай жұмысымызды жалғастырудың мәні жоқ.