Капитолийдегі тәртіпсіздіктерден қанша шығын келді?

Капитолийдегі тәртіпсіздіктерден қанша шығын келді?

519 миллион доллар. Капитолийге жасалған шабуылдың материалдық шығын көлемі осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл соманың шамамен 90 проценті Вашингтонға жауынгерлердің қосымша күшін тарту үшін жұмсалған. Олар наурыздың ортасына дейін қалада қалады.

Айта кеткен жөн, 6 қаңтарда Дональд Трамптың жақтастары Капитолийде тәртіпсіздіктер жасады. Салдарынан ереуілге қатысушысы бір азамат пен полицей көз жұмды. Осыдан кейін Капитолий төңірегіндегі қауіпсіздік күшейтіліп, Ұлттық гвардияның қосымша күші жұмылдырылды. Ал Конгрестің төменгі палатасы Трампқа импичмент жариялап, құжатты Сенатқа жіберді. Оның қаралуы ертең басталуы тиіс. Экс-президент «бүлікке шақырды» деп айыпталып отыр. Егер Сенат импичмент жарияласа, Ақ үйдің бұрынғы басшысы мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Тиісінше келесі президенттік сайлауға қатысу құқығынан айырылады.

Джули Пейс, Associated Press агенттігінің Вашингтондағы бюросының басшысы:

– Біз Дональд Трампқа импичмент жариялау бойынша халықтың пікірі екіге бөлінгенін байқап отырмыз. Жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсеткендей, экс-президент 6 қаңтардағы тәртіпсіздіктер үшін жауап беруі тиіс деп санайды. Яғни оның мемлекеттік қызметті атқарғанын қаламайды. Өйткені Трамп 2024 жылғы президенттік сайлауда бағын сынап көруге ниетті екенін айтқан болатын.