Еуропа мен АҚШ қыстың ызғарын сезінді

Биыл әлем елдерін індетпен бірге қыс әбігерге салды. АҚШ пен Еуропа жұртын аяз қысып, қарлы боран соқты. Бірқатар елді күтпеген жерден қалың қар басты. Ақ ұлпада көлік түгілі жаяу жүргінші аяқ алып жүре алар емес.

Ауа райының қолайсыздығы Грекия халқын әбігерге салды. Соңғы 12 жылда болмаған қалың қардан жұрт жарықсыз қалды. Маңызы бар автожолдар жабылып, көлік қозғалысы шектелді. Аймақта қазір боран соғып тұр. Жергілікті синоптиктер тосыннан келген циклонның сәрсенбіге дейін жалғасатынын айтып, тұрғындарға ескерту жасап жатыр. 

Панагиотис Оикономоу,  жергілікті тұрғыны:

- Мұндайды соңғы 10-12 жыл ішінде көрген емеспін. Қар өте көп жауды. Мұнда оның қалыңдығы шамамен 50 сантиметр. Ары жүрсең тіпті 1 метрге жететін жерлер бар.

Мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та да қатты аяз қазір. Салдарынан бірнеше әуежайдың жұмысы тоқтап тұр. 3 мыңға жуық рейс кейінге шегерілген. Сарышұнақ аяздан Техастың миллиондаған тұрғыны электр қуатынсыз отыр. Штаттың кей қаласында термометр бағамы минус 30 градусқа жеткен. Бұл соңғы ширек ғасырдағы рекордтық көрсеткіш, дейді мамандар.

Ал Чехия жұрты керісінше табиғаттың тосын мінезіне мәз. Бір топ альпинист аяздың арқасында құзға су құйып, оны мұзды жартасқа айналдырып алған. Енді оған бір мезетте 20 адам өрмелей алады.

Матэй Мольцар,  альпинист:

- Жартасқа өрмелеу жекелеген спорт түрі саналады. Сондықтан болар індет кезінде көптеген адам спорттың дәл осы түрімен айналыса бастады.

Жалпы биыл аяздың күші ерекше болып тұр. Жылдар бойы мұз баспаған Балтық теңізі биылғы суықта қатып қалды. Синоптиктердің сөзінше, мұндай құбылыс соңғы рет өткен ғасырда тіркелген.