Әлем елдері коронавирустық дағдарыспен қалай күресіп жатыр?

Коронавирус пандемиясы әлемде миллиондаған адамның әлеуметтік жағдайын әлсіретті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбірінің кәсібі тоқтаса, енді бірі жұмыссыз қалды. Індетке дейін де айлығы шайлығынан аспайтындар көп болған. Ковид келгелі олардың саны еселеп ұлғая түскені сөзсіз. Әлем елдері коронавирустық дағдарыспен қалай күресіп жатыр?

Испания халқы қазір жұмыс іздеп әлек. Өйткені коронавирус салдарынан жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 40%-ке жеткен. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің көбі қызмет көрсету мен қоғамдық тамақтану саласында жүргендер. Жағдайдың күрделеніп кеткені сонша, ел бойынша бір миллиондай азамат кедейліктің кебін киген. Осыған байланысты гуманитарлық ұйымдар көмекке азық-түлік көлемін 10 есе ұлғайтыпты.

Бір жарым жылдай Үкіметтен жәрдемақы алып келемін. Ай сайын берілетін ақша 600 еуроға да жетпейді. Сондықтан осында келіп, көмек сұраймын. Өйткені артымда екі балам бар. Жағдайымыз мүшкіл.

Пандемиядан гүржі азаматтары да табыссыз отыр. Жарты жыл бұрын елдегі жұмыссыздар саны 11%-ті құраса, бүгінде 20%-ке жеткен. Грузияның әр бесінші азаматы қазір жұмыссыз отыр деген сөз. Осы мәселені шешу үшін ел билігі қолдан келгенше қарекет етіп жатыр. Тіпті жұмысқа орналастыру агенттігін де құрған.

Бека Тциклаури, шеф-аспаз:

- Мейрамханамыз жабылып қалды. Салдарынан мен секілді аспаздар жұмыссыз қалды. Мұндай жағдай бизнес иелеріне де ауыр тиіп жатыр. Өйткені туризм Грузия үшін өте маңызды сала саналады.

Перуде де осыған ұқсас жағдай. Күн сайын жергілікті халықтың күнкөрісі қиындап барады. Өйткені індет кесірінен мыңдаған бизнес жабылып, талай тұрғын нәпақасынан айырылған. Ұлттық өнеркәсіп қауымдастығы келтірген мәліметке сенер болсақ, елдегі 200 мың мейрамхананың 65 мыңдайы пандемия соққысына төтеп бере алмай жабылып қалған. Осындай жағдайға байланысты аман қалудың амалын іздеп қарманған мейрамхана иелері наурыздан бастап толыққанды жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрап отыр.

Луис Молина, Мирафлорес қаласының мэрі:

- Мыңдаған мейрамхана банкротқа ұшырады. Салдарынан жұмыссыздық деңгейі артып кетті. Сондықтан ел үкіметінен ковидке қарсы ұзақ мерзімді жоспар құруды сұраймын. Кафе мен мейрамханалар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істей алады.

Табысын жоғалтқан жандарға жәрдемақы төлеуді қолға алған елдер де бар. Соның бірі АҚШ. Алайда соңғы бір аптада жәрдемақыға өтініш білдіргендер саны күрт көбейіп кеткен. Еңбек министрлігі елдегі жұмыссыздар қатары азайып келе жатқанын айтады. Тек соңғы айдың өзінде 100 мыңдай азамат жұмысқа орналасқан. Австралияда да дәл осылай. Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмек пен жаңа жұмыс орындарының ашылуы арқасында елдегі бос жүргендер қатары біршама азайыпты.