Бейжіңде жануарлармен ойнауға болатын бірнеше мейманхана ашылды

Коронавирус індеті кезінде Бейжің қаласында жануарларды қызықтап, тіпті ермек етуге ерік беретін бірнеше кафе ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иесі карантиннен жалыққан адамдардың көңілін көтеруге арналған шара деп түсінеді екен.

Бұл кафе жұмыс күндері де қонаққа толы. Ал демалыс күндері кіру үшін ұзын-сонар кезек тұрады. Мұнда жануарлармен ойнап, суретке түсу үшін жастар көп келеді.

Бейжің қаласының тұрғыны:

– Қазір оқу жоқ, демалыстамыз. Осында келіп, ор қояндармен ойнағымыз келді. Достарымыз өте қызық деп кеңес берді. Әдетте үйде мысық пен ит ұстайды. Сондықтан ор қояндары бар кафе ашылғаны керемет.

Мұнда интернет жұлдыздары да келіп тұрады. Өйткені ішінде фотосессиялар өткізуге барлық жағдай жасалған. Кафе қызметкерлері ор қояндардың тазалығын мұқият бақылап тұрады.

Сюй Мэй, кафе менеджері:

– Бізде тұқымы әртүрлі 30-дан аса ор қоян бар. Күн сайын оларды жуып, тазартамыз, денсаулығын бақылаймыз. Сондықтан қонақтарымыз бұған уайымдамауына болады.

Ал мынау кафеге күнде балалар келеді. Ол қолмен ұстауға болатын хайуанаттар бағына ұқсас, ор қояндардан өзге жануарлар емін-еркін жүреді. Арасында қой да бар.

БЛИЦ:

– Бұл орын бізге өте ұнайды, жануарлардың барлығы сүйкімді. Мысалы, үйрек балапандары мен көжектер.

– Бұл кафе туралы бұрыннан естіген едік. Бірақ алғаш рет келіп тұрмыз. Өте таза және бөтен иіс жоқ. Бұл өте маңызды. Барлық жануарлары сүйкімді. Әсіресе жөргекке оралған қой.

Коронавирус індеті кезінде осындай мекемелер кеңінен танымал болды. Жануарлармен ойнау балалардың да, ересек адамдардың да көңілін көтереді дейді мамандар.

Тянь Сюйхуэй, кафе иесі:

- Балалардың жануарлар туралы білімі артады. Оларды күтіп, бағуға үйренеді. Бұл бойын еркін ұстауға көмектеседі.

Жануарлары бар кафелерде санитарлық шаралар мұқият сақталады. Келушілер маска тағып, жануарлармен ойнау алдында және одан кейін міндетті түрде қолын дезинфекциялайды.

Ботагөз Сырғабаева