Қытайда еңбекке жарамды халық саны азайып келеді

Қытай билігі зейнетке шығу жасын көтеруді қарастырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Адами ресурстар және әлеуметтік қамту министрлігінің мәліметінше, еңбекке жарамды адамдардың саны жыл сайын 3 миллионға азайып келеді. Бұл мәселе елдегі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, дау туғызды.

Қытайда ер адамдар 60, әйелдер 55 жаста зейнетке шығады. Егер қыз-келіншектер қара жұмыс істесе, 5 жыл ерте демалысқа кетеді. Бұл заң өткен ғасырдың 50-жылдары қабылданған. Ол кезде өмір сүрудің орташа ұзақтығы қазіргіден екі есе аз еді.

Ю Цзюнь, ҚХР Адами ресурстар және әлеуметтік қамту министрінің орынбасары:

- Соңғы 40 жылда әлеуметтік-экономикалық салада үлкен өзгеріс болды. Зейнетке шығу жасы өзекті мәселеге айналды. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол өмір сүрудің орташа ұзақтығына сәйкес емес. Егер Қытай халық республикасы құрылғанда бұл көрсеткіш 40 жас болса, 2019 жылы 77 жастан асып кетті. Ал қалаларда тіпті сексеннен жоғары. Екіншіден, демографиялық құрылым өзгеріп келеді, халқымыз қартайып барады. «14-ші бесжылдықта» егде жастағы адамдар саны 300 миллионнан асады деген болжам бар.

Халықтың қартаюына өмірге келетін бала санының азаюы себеп болды. 2020 жылы Қытайда 10 миллионнан аса сәби дүниеге келді. Бұл арғы жылмен салыстырғанда 15%-ке аз. 2016 жылы үкімет екі бала тууға рұқсат берген болатын. Алайда бұл тек қысқа мерзімге әсер етіп, көп ұзамай статистикалық көрсеткіш қайта төмендей бастады.

Үкімет зейнет реформасын жасауда халықаралық тәжірибені алға тартып отыр. Қазіргі кезде адамдар білім алуға көп уақыт жұмсайды, сондықтан жұмысқа кеш шығады. Зейнет жасын көтеру туралы жаңалық Қытайдағы әлеуметтік желілерінде қызу пікірталас туғызды.

Блиц 1:

- 35 жастан асқан адамдарға жұмыс табу қиын. Алдымен осы мәселені шешу керек. Билік екі-үш бала тууға шақырып отыр. Бұрын ата-әжелері балаларды бағуға көмектесетін. Ал егер олар жұмысын жалғастырса, біз не істейміз?

Блиц 2:

- Университет түлектері жұмыс таба алмаса не істеу керек? Ал үлкен кісі зейнет жасына жетпей жұмысынан айырылса, не болмақ?

Блиц 3:

- Әлеуметтік қамту мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу керек. Мәселен, балабақшалар мен қарттарға қызмет көрсету жөнінде.

Үкімет бірнеше жыл бұрын халық наразылығына байланысты бұл мәселені кейінге қалдырған еді. Мандардың есебінше, биылдан бастап қайтыс болған адамдардың саны дүниеге келген сәбилер санынан аса бастайды. Үкімет зейнет реформасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына түрткі болып, халықтың әл-ауқатын көтеретініне сенімді.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева