Мұсылмандарға көрсетілген қысым: Еуроодақ 32 жылда алғаш рет Қытайға санкция салды

RT

Брюссель мен Бейжің арасындағы қарым-қатынас ушығып кетті. Бұл туралы «Әлем» бағдарламасынан тамашалаңыздар.

22 наурызда Еуроодақ басшылығы соңғы 32 жылда алғаш рет Қытайға қарсы санкция енгізді. Бұған Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аудандағы жағдай себеп болды. 2017 жылдан бері Қытай билігі осы аймақта тұратын мұсылман халықтарына көрсеткен қысымы үшін халықаралық қауымдастықтың қатал сынына ілігіп жүр. Адам құқықтарын қорғаушы ұйымдардың мәліметінше, бір миллионнан аса ұйғыр мен өзге де ұлттардың өкілдерін саяси тәрбиелеу лагерьлеріне жіберген. Еуроодақ осы құқық бұзушылыққа қатысы бар Қытайдың төрт жоғары лауазымды тұлғасы мен бір ұйымға қарсы шектеулер енгізді. АҚШ, Канада және Ұлыбритания үкіметтері де бұл шараны қолдап, өз жағынан да санкция салды.

Андреа Зассе, Германия СІМ ресми өкілі:

– Біз Шыңжаңдағы ұйғырлар мен өзге де аз халықтардың жағдайы қиын деп санаймыз. Бұл – Еуроодақ пен Германия басшылығын алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі. Саяси тәрбиелеу лагерьлері, ұйғырлар мен өзге де аз халықтардың еркін жүріп-тұруына салынған шектеулер, жұмыс істеуге мәжбүрлеу, күштеп ұрықсыздандыру және бала тууын қадағалау, мұның бәрі адам құқықтарын өрескел бұзу болып саналады.

Ресми Бейжің жауабын көп күттірткен жоқ. Бұл елдің Сыртқы істер министрлігі еуропалық санкциялар өтірік пен жалған мәлімет негізінде қабылданғанын мәлімдеп, мұны «Қытайдың ішкі істеріне дөрекі араласу» деп атаған. Жауап шара ретінде Қытай еуропалық 10 саясаткер мен 4 ұйымға қарсы санкция енгізді. Көп ұзамай Ұлыбританияның тоғыз азаматы мен төрт мекемесіне да осындай шектеу салды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, бұған олардың әдейі жалған мәлімет таратуы себеп болған. Сондай-ақ Қытайдың негізгі интернет-дүкендері Nike пен Adidas секілді бірқатар белгілі компанияның тауарын сатпайтын болды. Ал жергілікті жұлдыздар оларды жарнамалаудан бас тартты.

Еске сала кетсек, бұл фирмалар Шыңжаң мақтасын сатып алмайтын болды. Өйткені жергілікті билік халықты күштеп мақта жинататын көрінеді. 

Хуа Чуньин, ҚХР СІМ ресми өкілі:

– Айтарымыз: қытай халқы кейбір шетелдіктерге қытай күрішін жеп отырып, қытай ыдысын сындыруға жол бермейді. Біз ашықпыз және шетел компаниялары мен азаматтарының Қытайда жұмыс істеуін құптаймыз. Бірақ еліміздің мүдделеріне нұқсан келтіретін өтірік пен қауесетке негізделген шабуылдарға қарсымыз.

 

ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ НАРАЗЫЛЫҚ ШАРА

Түркияда Қытайға қарсы бағытталған наразылық шерулер өтті. Бұл шараны елде тұратын ұйғырлар Қытай сыртқы істер министрінің Түркияға жасаған сапары кезінде ұйымдастырған. 25 наурызда Ыстамбұлдағы Беязит алаңына бір мыңға жуық адам жиналды. Із-түзсіз жоғалып кеткен туыстарының суреттерін ұстаған шерушілер Шыңжаңдағы тәрбиелеу лагерьлерін жабуды талап етті. Ал ел астанасы Анкарада өткен шеруге Түркияның оппозициялық партияларға мүше депутаттар мен жергілікті ғалымдар қосылды.

Жалпы, Түркияда 40 мыңдай ұйғыр тұрады. Олар Қытай және Түркия қол қойған экстрадиция жөнінде келісімге алаңдаулы. Өткен жылдың желтоқсан айында Қытай парламенті бұл құжатты ратификациялаған болатын. Түркия заң шығарушылары осы келісімді әлі рәсімдеген жоқ. Шерушілер оны Түркияда тұратын ұйғырларды Қытайға қайтару үшін қолдануы мүмкін деп қауіптенуде. 

 

СЕРІКТЕСТІК ҚАЙТА ЖАНДАНУЫ МҮМКІН

Ал Қытай мен АҚШ-тың алдағы уақытта сауда нарығында бір мәмілеге келетін түрі бар. Ол үшін бірқатар кикілжіңді реттеу қажет. Мәселен, Қытай тарапы Құрама Штаттардың Гонконгке қарсы салынған санкцияларын алып тастауға шақырды. Бұл мәлімдеме елдер делегацияларының Аляскадағы кездесуі кезінде айтылды. Сарапшылардың пайымынша, билікке Байден келгелі екі ел арасындағы байланыстың тамырына қан жүгіріп, яғни экономикалық текетірес тоқтауы мүмкін. Десе де келіссөздер бастапқыда қатулы қабақ жағдайында өтті.

Тараптар сыни пікірлерін жеткізіп, дипломатиялық хаттама мен этикет ережелерін бұзғаны үшін бір-бірін айыптап та үлгерді. Алайда жиын соңында олар кездесудің жемісті өткенін айтты. Себебі Корея Халықтық Демократиялық Республикасы, Иран және Ауғанстан бойынша диалогты күшейту туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ тараптар климаттың өзгеруімен күресетін бірлескен топ құру туралы уағдаласты.

Ван И, Қытайдың сыртқы істер министрі:

– Қытай мен АҚШ қатынастарына келетін болсақ, біздің ұстанымымыз айқын және дәйекті. Біз әлі күнге дейін АҚШ пен Қытай бір-бірінің мүдделері мен мақсаттарын құрметтей отырып, бір-біріне қарай іскерлік қадам жасайды деп үміттенеміз. Осы негізде Қытай мен АҚШ арасындағы диалогқа есік әрқашан ашық дегім келеді.