Түркияда 10 адмиралға мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айып тағылды

Түркияда 10 адмиралға мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айып тағылды

Түркия билігі мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етті деген айыппен отставкадағы 10 адмиралды қамауға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар Босфор және Дарданелл бұғаздарын бақылауға байланысты ашық хат жазып, Монтрё келісіміне қатысты пікір айтқан. Яғни, оны қайта қарау қауіпті екенін ескерткен. Хатқа 104 зейнеткер әскери қол қойған. Тағы 4 адмиралды қамауға ордер берілген еді. Бірақ жасы егде тартқанына байланысты оларды ұстауға бұйрық берілмеді. Сондай-ақ Түркияның Қарулы күштері атышулы үндеуді қолдаған бірнеше адамды баспана мен күзетке ие болу құқығынан айырды. 85 жыл бұрын қабылданған Монтрё конвенциясы бойынша аталған бұғаздарға бақылау жасау, сауда және әскери кемелердің қозғалысын реттеу мүмкіндігі берілген. Президент Режеп Ердоғанның ойынша, конвенция Түркияның мүддесіне толық қызмет етпейді, ол келісімнен шығуымыз мүмкін деп мәлімдеген. Тіпті ол «Ыстамбұл» атты жаңа канал салып жатыр. Ал адмиралдар конвенциядан бас тарту дұрыс емес деп хат жазған.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Бұл анық арам пиғылды адамдардың тірлігі. Отставкаға кеткен адмиралдардың міндеті – төңкеріске қатысты саяси пікірталасты қамтитын ақпаратты жарияламау. Дәл қазір біздің Монтрё конвенциясынан бас тартатын ниетіміз жоқ, бірақ қажеттілік туса және еліміз үшін жақсы нұсқалар пайда болса, кез келген конвенцияны еш ойланбастан қайта қарастырамыз.