COVID-19: Үндістан ауруханаларында орын жоқ, оттегі тапшы

Үндістанда коронавирус өршіп тұр.

Кейбір емханада өкпені жасанды жолмен желдететін құралдарға құятын оттегі жоқ. Ресми мәлімет бойынша, көптеген адам дем жетпей, қиналуда. Жергілікті дәрігерлер мен еріктілер құрбандар саны билік келтірген деректен анағұрлым көп екенін алға тартады. Үкімет қордан қосымша оттегі бөлуге уәде берген. Алайда бұл науқастардың жартысына ғана жетуі мүмкін.

Үндістан қалаларындағы ауруханалар орын мен оттегі жетпіспеуінен науқастарды қабылдап үлгермей жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Нью-Делидегі клиникалардың 80 проценті оттегі аппараттарына мұқтаж. Бүгінде төрт мыңға жуық өкпесі қабынған адам өлім аузында жатыр. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, індеттің ілмегіне ілінгендердің саны ресми статистикадан әлдеқайда көп.

Джирадж Четри, дәрігер-терапевт:

- Пандемия халық арасында дүрбелең тудырған. Кейін Үндістан билігі коронавирусты жеңдік деп мәлімдеген. Алайда қазір қайтадан жағдай ұшығып барады. Науқастар сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Кейбір адамдар сол кезекте тұрып, көз жұмып жатыр.

Үндістанда коронавирус жұқтырушылардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Елде тәуліктік өсімі 350 мыңнан асып отыр. Сарапшылардың айтуынша, үкімет індетке қарсы тиісті шараларды қысқа мерзім ішінде қолданбаса, науқастардың саны күніне жарты миллион адам құрайды.

Уданта Шангте, дәрігер-реаниматолог:

- Бұл біздің салғырттығымыздың кесірі. Көктемде елде түрлі діни фестивальдар, сайлауалды кампаниялары мен спорт жарыстары ұйымдастырылған. Ал сәуірдің ортасында елдегі Кумбха Мела фестиваліне миллиондаған адам қатысып, Ганг өзеніне суға түскен. Тұрғындардың басым көпшілігі бетперде кимей, қауіпсіздік ережелерін елемегендіктен вирус өршіп кеткен.

Шұғыл жиналыстан кейін ел үкіметі екпелер мен бірқатар дәрі-дәрмек, оттегі және онымен байланысты медициналық жабдықтар импортына баж салығын үш айға алып тастаған. Ал АҚШ Үндістандағы вирустың өршуіне алаңдаушылық білдірдіп, екпе жасайтын сұйықтықтар мен қорғаныш құралдарын, коронавирус тестін жолдамақ. Ұлыбритания мен Франция да оттегі және жасанды тыныс алу аппараттарын жібермек. Сондай-ақ Еуропа одағы да Үндістанға медициналық құралдармен көмек қолын созбақ.

Әнел Еділқызы, Михаил Зейфман, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан және Устад Рахман