Байден АҚШ Конгресінде алғаш рет сөз сөйледі

Байден АҚШ Конгресінде алғаш рет сөз сөйледі

Джо Байден алғаш рет Конгрестің қос палатасының алдында сөйледі. Бұл оқиға оның президент болғанына 100 күн толуына сәйкес келді. Залға 200 адам ғана шақырылды, бұл әдеттегіден 8 есе аз. 

Байден «Америка еңсесін қайта тіктейді» деп, ел басқаруындағы басты ұранын жариялады. Сондай-ақ ол қиын кезде ел тізгінін қолға алғанын айтып, қазіргі індетті жеңу үшін барлық американдықтарды вакцина салдыруға шақырды. Ал экономиканы құтқару үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, жағдайы орташа тұрғындарға триллиондаған өтемақы төлейтінін жеткізді. Бұл қаржыны байларға арналған салықты өсіру арқылы табатынын мәлімдеді. Бірақ оның бұл жоспарын республикашылдар әлден сынап жатыр. Байден Қытайды сыртқы саясаттағы басты стратегиялық бәсекелес деп атады. Ресейді де сөзінен тыс қалдырмады.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Ресейге қатысты айтарым. Владимир Путинге 2 елдің қарым-қатынасын ушықтыруға ұмтылмайтынымызды анық жеткіздім. Бірақ олардың кез келген іс-әрекеті жауапсыз қалмайды. Ресейдің біздің сайлауға араласқанына, біздің үкімет пен бизнеске жасаған кибершабуылдарына бүкпесіз тура жауап бердім. Алайда мүддемізге қайшы келмеген жағдайда өзара ынтымақтастыққа әрқашан әзірміз.