Колумбияда биліктің экономикалық саясатына қарсы наразылық жалғасуда

Колумбияда биліктің экономикалық саясатына қарсы наразылық жалғасуда

Богота мен елдің бірнеше қаласында тағы шеру өтті. Толқуларға биліктің өткен айдың ортасында салықты көбейтіп, кей жеңілдіктерді жою туралы заң жобасын ұсынуы түрткі болды.

Халық үкіметтің індет жағдайында реформа жүргізуі дұрыс емес деп шеруге шықты. Полициямен қақтығыстар болып, 16 адам қаза тапты. 800-ден астам кісі жарақат алды. 

Жағдайдың ушығуына байланысты президент Иван Дуке өткен жексенбіде конгрестен құжатты кері қайтарып алды. Ал кеше елдің қаржы министрі отставкаға кетті. Бірақ шерушілер үкімет реформаны жалғастырмақшы деп отыр. 

Хавьер Гильм, шеруші:

- Үкімет экономикалық реформадан бас тартып отырған жоқ. Олар оны қалай болғанда да жүргізуді көздейді. Бірақ дағдарыстан жапа шеккен халықтың қазіргі жағдайына көңіл аударғысы жоқ. Билік  қандай реформа болмасын, алдымен елдегі ахуалды ескеруі керек.