АҚШ-тағы құбырлардың істен шығуы жанармай тапшылығына әкелді

АҚШ-тың ең ірі құбыр жүргізу компанияларының бірі өткен аптаның соңында кибершабуылдың салдарынан жұмысын тоқтататуға тура келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің құзырлы органдары бұл әрекеттің жауапкершілігін шетелдік хакерлерден құралған Dark Side атты жаңа ұйымға жүктеп отыр. Қылмыскерлердің діттегені не және компанияның істен шығуы елдегі жанармай тапшылығына әкелуі мүмкін бе?

Талғат Алманов, тілші:

- Нью-Джерсиден Техасқа дейін 9 мың шақырымға созылған Colonial Pipeline компаниясының құбырлар желісі істен шығып отыр. «Елдің шығыс штаттарын жанармайдың 45%-імен қамтамасыз етіп келген кәсіпорынның тұралап қалуы халыққа ауыр тиіп жатыр», - дейді Конгресс өкілдері.

Роб Портман, сенатор:

- Бұл бір ғана компанияға жасалған шабуыл емес, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен экономикасына жасалған шабуыл. Бастысы, бұл жанармайдың бағасына әсер етіп жатыр. Шығыс штаттардағы бензиннің бағасы қанша болғандығын білесіздер ме? Сол жақтағы халықтан сұрап көрсеңіздер түсінесіздер.

Жанармайдың бағасы қазірдің өзінде 7 жылда болмаған рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бензиннің бір литрі біздің ақшаға шаққанда – 341 теңге. Бұл сома алдағы күндері тағы өсуі бек мүмкін.

Талғат Алманов, тілші:

- Жанармайдың тапшылығы нарықтағы сұранысқа да әсер етпей қоймады. Бірнеше күннің өзінде Джорджия, Флорида, Оңтүстік Каролина мен Вирджинияда бензинге деген сұраныс 40%-ке өскен. Ал бензин құю бекеттерінің алдында өздеріңіз көріп тұрғандай, ұзын-сонар кептеліс пайда болған.

Косттағы ең үлкен құбырлар желісінің істен шығуы жанармай бекеттері мен дизель отынының жетіспеушілігіне әкеліп отыр. Демек, алдағы күндері бензин мен дизельь отыны тапшы болуы ғажап емес.

Жанармай бекетінің менеджері:

- Біздің бекетімізге жанармайды қашан әкелетінін білмейміз. Жанармай қоры әне-міне таусылуға жақын. Не істерімізді білмей дал болып жүрміз.

Жанармай тапшылығын пайдаланып, бензин бағасын қолдан көтерген фактілері де тіркелген. Мұндай әрекетке штат тұрғындары наразы. Ақ үй болса, «бағаны негізсіз шарықтатқан кәсіпкерлерді қатаң жауапқа тартылады» деп отыр.

Көлік жүргізуші:

- XXI ғасырда өмір сүріп, жанармайсыз отыру деген не сұмдық? Баға болса өсіп барады. Мен бірнеше бекетті аралап келдім. Бүкіл жерде ұзын-сонар кезек.

АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік қызметі бұл әрекетке кибершабуылдармен айналысатын DarkSide ұйымы жауапты деп мәлімдеді. Хакерлер копьютерлік вирустың көмегімен компанияның басқару жүйесін істен шығарып, 100 гигабайттық ақпаратқа қол жеткізген көрінеді. «Әдетте мұндай шабуылдардың мақсаты – үлкен сомадағы ақшаны жымқыру», - дейді сала мамандары.

Кибер қауіпсіздік компаниясының өкіл:

- Мұндай хаккерлердің көздеген мақсаты – ақша. Бұл өте жақсы жұмыс істейтін ұйымдасқан топ. Олардың қай елден жұмыс істеп отырғаны белгісіз. Бірақ біздің білетініміз, олар әдетте ағылшын тілді платформаларды ғана істен шығарады.

Тәулігіне 2,5 миллион баррель жанармай тасымалданып келген құбырлардың толыққанды іске қосылуы үшін уақыт қажет. «Ал оған дейін кейбір құбырлардың жұмысы уақытша мануалды режимге көшуі мүмкін», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров