Халықаралық ұйым: Былтыр ковидтен 17 мыңнан астам медбике көз жұмған

Бүгін – Халықаралық Медбикелер күні.

Amnesty International халықаралық ұйымы былтыр ковидтен 17 мыңнан астам медбикенің көз жұмғанын анықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар әр 30 минут сайын бір медицина қызметкері бақилық болатынын өкінішпен айтады. Ал Медбикелердің халықаралық кеңесінің 34 елде жүргізген статистикалық мәліметі бойынша 1 миллион 600 мың медбике коронавирусқа шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, қазір әлемде 6 миллиондай медбике жетіспейді. Әсіресе, кадр тапшылығы экономикалық жағдайы төмен және орташа елдерде өткір тұр. Сарапшылар соңғы 2 жыл медицина қызметкерлері үшін ең ауыр кезеңге айналғанын алға тартады.

Хума Комал, медбике:

- Мен коронавирус ауруханасындағы жансақтау бөлімінің медбикесімін. Бұл жерде жұмыс істегенде ең жаман психологиялық ауыртпалықты бастан кешірдім. Үйімізге мүлде жіберілмедік. Ковидтен жақыны қайтыс болған адамдардың қысымына, қыспағына ұшырадық. Медбикелер індет кезінде алдыңғы шепте жүрген сарбаздар сияқты. Отбасым бұл жұмысты таста деп сан мәрте үгіттеді. Бірақ мен жұмысымды сүйемін. Әлемдегі барлық медбикелерге мықты болыңдар деп үндеу тастаймын.