Үй жануарын қорапқа салып сыйға тарту қытайлар арасында сәнге айналды

Қытайда күшік пен марғауды қорапқа салып таситындар бар. Жәй ғана тасып қоймайды, жүздеген қорапты бір көлікке артып алып жүре береді. Олардың арасында ауруы, тіпті жолды көтере алмай тұншығып өліп жатқандары да бар. Осыған байланысты волонтерлер дабыл қағып, жануарларды тасымалдау тәртібін өзгертуді талап етті. 

Үй жануарларын қорапқа салып сыйға тарту соңғы кездері қытайлар арасында кәдімгідей сәнге айналған. Бірақ бір өкініштісі, жергілікті жеткізу қызметтері біреудің көңілін көтеремін деп жүріп, қорапқа қамаулы жануардың жай-күйін мүлде ұмытқан. Соның салдарынан күшік пен марғау секілді кішкентай тіршілік иелері жаңа иесіне жетем дегенше жаны қиналып, өліп қалып жатыр.

Чэнь Юньлянь, Чэнду қ. жануарларды құтқару орталығының негізін салушы:

- Мен тосынсый қораптарын сататын жігітпен сөйлестім. Жануарлардың өмірін қатерге тігу арқылы пайдаға кенеліп отырғанын айттым. Осы әңгімеден кейін ол бизнестің бұл түрімен айналысудан бас тартады деп үміттенемін. Себебі оның пайдасынан гөрі зияны көп.

Үй жануарлары Қытайда негізінен интернет арқылы сатылады. Тапсырыс бергендер тарапынан мұндай «тосынсыйларға» қатысты шағымдар да түсіп жатады. Бірі алған жануары ауру болып шыққанын айтса, кейбіреуі сыйлықты жансыз күйде алғанын жеткізген. Мұны естіген халық әлеуметтік желілерде қызу талқылап, наразылықтарын білдіріп жатыр.

- Олар да тірі жан емес пе? Жүрек бар ма сіздерде?

- «Қораптағы тосынсыйды» сатып алушыларды да, оны сатушыларды да жазалау керек! 

- Жануарларды қорапқа салу ақылға қонымсыз нәрсе. Оның басты идеясы көңіл-күйді көтеріп қуанту. Ал адам қораптың ішінде не бары белгісіз сәлемдеме алады. Жануарлар біреудің көңілін көтеру үшін жасалған әрекеттен өліп жатыр. Бұл адамдыққа жатпайды.

Десе де, мұндай тосынсыйлардың нарықтағы үлесі артып келеді. Қораптың ел арасында танымал болғаны сонша оның ішіне енді жануарлар ғана емес, әуе билеттері де салына бастаған. Шамамен 15 доллар тұратын билетпен сатып алушы Қытайдың басқа қаласынан бір шығуы мүмкін. Мұндай қарқынмен 2025 жылға қарай «қораптағы тосынсыйдың» үлесі 4 миллиард долларға жетеді деген болжам бар.