Қарулы қашқынды таппай жатқан Бельгия мешіттерді жапты

Қарулы қашқынды таппай жатқан Бельгия мешіттерді жапты

Бельгияның Лимбург өңірінде полиция бірнеше күн бойы қару ату нұсқаушысы Юрген Конингсті іздеп жатыр.

Осыған дейін ол елдің жетекші вирусологы Марк ван Ранстқа сес көрсеткені белгілі.

17 мамырда ол өзімен жеке қаруы, пулемет пен гранатометті алып, әскери бөлімнен шыққан. Мұздай қаруланған ол эпидемиологтың үйі қасында екі сағат болып, кейін орманға жасырынып кетті. Осыдан кейін Марк ван Ранстты қауіпсіз жерге көшіртті. Ал Конингтің қараусыз қалған көлігін саябақ алдында табылды.

Винсент Ван Квикенборн, Бельгия әділет министрі: 

- Экстремистік идеология ұстанатын бұл адамның лаңкестік әрекет жасауға ниеті айқын білініп тұр. Дайындығы жақсы және бұл кездейсоқ жайт емес. 17 мамырда кешке көздеген нысанасына жақын болды, сол жерде екі сағаттан аса болып, кетіп қалды. 18 мамырда көлігін таптық, ішіне мина орнатып қойған екен. Сондағы мақсаты ойран қылу. Ол өте қауіпті адам, сондықтан қауіпсіздік қызметтеріміз оны табу үшін бар күшін салуда.   

Асыра оңшыл көзқарасты ұстанатын Конингсті кезінде қауымға лаңкестік қауіп төндіруі мүмкін кісілер тізіміне қосқан. Осыған қарамастан ол әскердегі қызметін жалғастырып, қаруға ие болу мүмкіндігі алған. Лимбургтің Ұлттық саябаққа кіреберістерін полиция қоршауға алды. Қауіпсіздік шараларына байланысты өңірдегі мешіттердің түгелі жабылды.

Людивин Дедондер, Бельгия қорғаныс министрі:

- Ең бастысы, осы адамды тезірек тауып, қантөгіске жол бермей, оны ұстау керек. Қорғаныс министрлігі полициямен жұмыла әрекет етіп, қызметкерлеріміз бен техникамызды қарамағына бердік. Тергеу жалғасып жатыр.