Конгода жанартау салдарынан 5 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Конгода жанартау салдарынан 5 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Конгодан Ньирагонго жанартауы оянып, 5 мыңнан астам адам көршілес Руандаға қашуға мәжбүр болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, елдің шығысындағы Гома қаласында бірнеше үйді лава көшкіні басып қалған. От-жалын биіктігі 3470 метрге жеткен. Ресми мәлімет бойынша, табиғи апаттан қаза тапқандар жоқ. Бірақ жергілікті тұрғындар жақындарынан айырылғанын айтуда. Билік өкілдері лаваның бағыты 2002 жылғы көрініске қатты ұқсайтынын айтады. Ол кезде 250 адам ыстық көшкіннің астында қалып, құрбан болған еді.

Жалпы, Гома қаласында 1,5 миллион адам тұрады. Оның салдарынан ең көп адам 1977 жылы көз жұмған болатын. 44 жыл бұрын 600-ден астам тұрғын ажал құшқан.

Леси Кабаселе, гуманитарлық қызмет маманы:

– Біздің бір түсінбейтініміз: Гома Вулкан обсерваториясы деген арнайы мекеме бар, солар қайда қарап отыр? Тұрғындарды көшіру үшін оларға бюджеттен ақша да бөлінген. Бірақ олар қарапайым ғана нәрсе – алдын ала ескерту ісін де жасамаған ғой. Тіпті 1 сағат бұрын дабыл қағу керек еді. Қымбат дүниесінен, тіпті үйінен айырылған адамдар бар.