Үндістанда науқастар қара зеңнің кесірінен көзді ойып алдыртып жатыр

Үндістанда қара зең ауруы қалың бұқараның зәресін алды. Медицина тілімен оны мукормикоз деп те атайды. Қазір бұл кеселге 9 мыңға жуық үнді азаматы шалдыққан. Ең қиыны ауруы асқынған науқастардың басым бөлігі көз бен мұрыннан айырылып жатыр. Аймақтағы дәрігерлер аурумен күреске қажетті дәрі-дәрмек жетіспейтінін айтады. Қазір мемлекеттік және жекеменшік клиникаларда осы дертке шалдыққандар саны артып барады. Аурудың асқынуына байланысты 7 штатта эпидемия жарияланды. Дімкәс жандардың ең көбі Гуджарат, Махараштра пен Андхра-Прадеш штаттарында тіркеліп жатыр. Сарапшылар аурудың таралуына коронавирус түрткі болды деген болжам айтады. Өйткені халықтың иммунитеті коронавирус кесірінен әлсіреп кеткен. Бұған қоса жергілікті климат аурудың таралуына әсерін тигізіп отыр.

Алиса Хён-Кён Тан, Сеулдегі дәрігер:

- Мукормикоз өте қауіпті, әрі сирек кездесетін ауру. Індеттің өлім көрсеткіші 50 проценттен жоғары. Зең дененің кез келген мүшесіне шабуы мүмкін. Көбінесе ол көз бен мұрынды зақымдайды. Қара зең миға немесе сүйекке жетсе өте қауіпті. Ауруды алдын ала анықтау да қиын. Науқастардың көбі дәрігерлердің көмегіне тым кеш жүгінеді. 

Үндістанда қара зеңнен 200-ден астам адам көз жұмды. Ауру коронавирус індетінен сауыққан адамдардан анықталып жатыр. Қазір мамандар қара зеңнің белең алуына нақты не себеп болғанын анықтауға кірісті.

Анил Гоял, дәрігер:

- Бұл инфекциялық ауру емес. Адамнан адамға жұқпайды. Мукормикозбен қант диабетіне шалдыққандар, иммунитеті әлсіреген адамдар жиі ауырады. Түрлі зең түрлері аурудың қоздырғышы болып келеді. Олар әсіресе топырақта, өсімдікте, шіріген жеміс-жидекте кездеседі. 

Мукормикоздан бөлек Үндістанды ковид да қыспаққа алды. Вирус жұқтырғандардың саны күн өткен сайын артып барады. Өлім-жітім көрсеткіші рекордтық деңгейге жетті. Жағдайды дәрі-дәрмек пен медицина қызметкерлерінің тапшылығы одан бетер ушықтырды. Үрейі қашқан халық ауруханалардың алдында ереуілдетіп жатыр.

Чиннаи қаласында жиналғандар биліктен дәрі талап етті. Әлеуметтік арақашықтық сақталмаса да наразылардың барлығы беттерін тұмшалап алған. Билік ашуға бой алдырғандарды тарату үшін полицияны жұмылдырды. Айта кетейік, елде соңғы тәулікте коронавирустан 4,5 мыңға жуық адам қаза тауып, бұрынғы көрсеткіштерден асып түсті. 

Жапониядағы эпидахуал да мәз емес. Осака қаласындағы ауруханаларда орын тапшылығы байқала бастады. Шаһарда бір апта ішінде науқастар саны 5 есеге артып кеткен. Олардың дені коронавирустың британдық штамын жұқтырғандар. Жұмысы көбейген дәрігерлер билікті Олимпиада ойындарын өткізуден бас тартуға шақырды.

Юдзи Тода, дәрігер: 

- Науқастарды қабылдай алмайтын деңгейге жеттік. Бұл сұмдық жағдай. Британдық штамм өте тез тарап барады. Олимпиаданы өткізу үшін біз пандемияны толық жеңген жоқпыз. Дәрігерлер халықтың жиналмауын қалайды.   

Малайзия үкіметі де коронавирус індетінің дендеп кетуіне байланысты санитарлық шектеулерді одан әрі күшейтіп жатыр. Өткен аптаның басында бұл елде үшінші рет локдаун жарияланған. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, жансақтау бөлімдері 91 процентке толған. Жаңа ереже бойынша халықтың көбі үйінде жұмыс істеуі тиіс. Дүкендер мен сауда орындарының жұмысы шектелді. 

Еуропада карантин талаптар керісінше жеңілдеп жатыр. Жуырда австриялықтарға соңғы жарты жылда алғаш рет шипажайға баруға рұқсат берілді. Аймақта қонақ үйлер, мейрамханалар, дәмханалар мен спа-салондар жаппай ашылып жатыр. Алайда оған кіру үшін тұрғындар вакциналау туралы анықтаманы немесе коронавирус тестісінің теріс нәтижесін көрсету керек. 

- Бәріміз өте қиын кезеңді бастан кешірдік деп ойлаймын. Бірақ қазір мекемелер ашыла бастады. Бұл қалыпты өмірге оралуымыздың маңызды қадамы. Қуанышымда шек жоқ. Індеттен біржола құтыламыз деп сенемін. 

Чехияда бүгін шектеулерді алудың екінші кезеңі басталды. Қонақүйлер мен жатақханалар ашылып жатыр. Сондай-ақ театрлар мен кинотеатр қойылымдарын көру үшін ғимарат ішінде 500, ашық далада 1000 адамға дейін жиналуға мүмкіндік берілді.