Киевте климат жөнінен қазақ-украин диалогы өтіп жатыр

Қазақстан мен Украинаның бірлескен климат бойынша жиыны биыл Киев қаласында өтіп жатыр. Іс-шара аясында екі елдің энергетика саласындағы оқу орындары және үкіметтік емес ұйымдары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі күн бойы өтетін басқосудан қос тарап қандай нәтиже күтуде? 

Электр энергиясын өндіруде көмірдің алар орыны ерекше. Алайда ауаға парникті газдар шығару жөнінен осы отын түрінің зияны ерекше екені бәріне аян.  Украинаның қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ирина Ставчук қос елдің алғаш ұйымдастырылған климат бойынша диалогында Қазақстанның, әсіресе парниктік газдардың қалдығын азайту бойынша тәжірибесі Украинаға қажет екенін баса айтты.

Ирина Ставчук, Украинаның қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Қазақстанда парник газдардың қалдығын азайту және оларды сату жүйесі бірнеше жыл бұрын іске қосылған. Бұл дегеніміз өндірістік зауыттар газ қалдығын тек шектеумен шығарады деген сөз. Бұл жүйе улы газдар көлемін азайту жолындағы жақсы талпыныс. Украина тек 2025 жылы ғана осы саясатты қолданбақ. Сондықтан Қазақстанның тәжірибесі біз үшін маңызды.

Жиын аясында энергетика саласындағы екі елдің оқу орындары және үкіметтік емес ұйымдар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Мұндай офлайн және онлайн форматында ұйымдастырылған алаң қос елдің климатты реттеуге бағытталған жұмысын жандандыра түспек деген сенім білдірді мамандар.

Дархан Қалетаев, Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Нәтижені айта кетсек, енді бүгінгі таңда өздеріңіз көріп отырсыздар, біздің Алматының энергетикалық институты мен осы жердегі ұлттық академияның институты меморандумға қол қояйын деп жатыр. Сондай ақ тағы меморандум біздің қоғамдық ұйымдар мен Украинаның осы салада жұмыс атқарып жатқан үлкен-үлкен ұйымдары бүгін меморандумға қол қойып жатыр. 

Сәуле Сағынтаева, Алматы энергетика және университетінің ректоры:

- Бүгін бірінші климаттық диалог шеңберінде Алматы энергетика және байланыс университеті мен Украинаның Ұлттық ғылым академиясының энергетика институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Әрине бұл қос елдің энергетика саласындағы байланысын бекемдей түспек. Себебі қазіргі кезде жасыл энергияға, жасыл экономикаға көшу мемлекеттік маңызы зор жұмыстардың бірі.

Халықаралық жиын екі күн бойы өтетін болады. Екінші күні қатысушылар төмен көміртекті дамуды ынталандырудың нақты шараларын, соның ішінде «жасыл» инвестицияларды тартуды және жасыл бизнес-инкубатордың мүмкіндіктерін талқылайтын болады. Атап өту керек, Ғалымдар және азаматтық қоғаммен бірге Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен Көміртекті даму тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. 

Авторлар: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач