Ресей мен Беларусь «Батыс-2021» әскери оқу-жаттығуына белсенді дайындалып жатыр

Ресей мен Беларусь биыл қыркүйек айында өтетін «Батыс-2021» әскери оқу-жаттығуына белсенді түрде дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда авиация жан-жақты қолданылмақ. Бұл туралы Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мәлімдеді. Ауқымды шара екі елдің полигондарында жүреді. Жақында түрлі штабтардың қатысуымен алғашқы жаттығулар өтті.

Сергей Шойгу, РФ Қорғаныс министрі:

- Бас-аяғы 4 мың әскери оқу-жаттығу өткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, жеке құрамдардың әскери әлеуетін арттырып, әскери ұрысқа дайындығын пысықтап алмақшымыз. Осы орайда Беларусьпен бірлесіп өткізетін «Батыс-21» әскери-оқу жаттығуының маңызы зор.

Ал Беларусь президенті Александр Лукашенко НАТО тарапынан белсенділік артып, қатер төнсе Ресей әскері ел аумағына жылдам келе алатынын айтады. Ол мұндай мәлімдемені Сочиде Ресей басшысымен кездесуден кейін жасады. «Бірақ Беларусь жерінде ресейлік әскердің тұрақты түрде орналасуы болмайды», - дейді Лукашенко. 

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

- Егер НАТО тарапынан белсенділік артып, қақтығыс туындайтындай жағдай болса, Ресей әскері ел аумағына бір күннің ішінде жетеді. Оған қажетті әуежайлар мен базалар бегіленіп қойған.

Еске сала кетейік, бірер апта бұрын Ryanair компаниясының Вильнюске бара жатқан ұшағы Минск әуежайына бомба бар деген қауіппен мәжбүрлеп қондырылған еді. Бірақ мәлімет жалған болып шығады. Ал Беларусь арнайы қызметі ұшақтан Лукашенконың режиміне қарсы шыққан «Нехта» Телеграмм-арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевичті ұстайды. Халықаралық қауымдастық Беларусь басшысының әрекетін қатты сынға алып, қысым күшейген еді.