Ұлыбританияда 19 шілдеде локдаун толық аяқталады

Ұлыбританияның жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі 19 шілдеде Англияда локдаун толық аяқталады деп мәлімдеді.

Парламентте есеп берген Саджид Джавид карантиндік шектеулерді жалғастырудың еш қисыны жоқ екенін айтады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Қауымдар палатасында Денсаулық сақтау министрі ретінде алғаш рет сөз алған Саджид Джавид 19 шілдеге дейін ересектердің үштен екісі коронавирусқа қарсы вакцинаның қос дозасын алып үлгеру керек. Ол үшін үкімет барын салып жатыр деді. Депутаттардың сұрақтарына жауап берген министр вакциналау науқаны қарқынды түрде жүрген соң вирусты жұқтыру жағдайлары мен өлім-жітімнің азайып жатқанына дәлел көп деп мәлімдеді.

Саджид Джавид, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

- Біз дертті толық тоқтата алмайтынымызды білеміз. Біз онымен өмір сүріп үйренуіміз керек. Халық бізден нақтылықты қажет етеді. Біз осыншама қиындықты бастан кешірген британ халқы алдында қарыздармыз.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Негізі локдаун 21 маусымда аяқталады деп жоспарланған болатын. Бірақ төрт аптаға кейінге қалдырылды. Өйткені коронавирусты жұқтыру жағдайлары жиілеп кетті. Әсіресе, «Дельта» деген атаумен белгілі үнді штамы бұған түрткі болды. Соңғы жеті күнде науқастар саны 100 мыңнан асып отыр. Бұл мұның алдындағы аптамен салыстырғанда 70%-ке көп. Бірақ соңғы есептерге сәйкес, 1000 адамның біреуі ғана қайтыс болып жатыр. Қыста пандемия шарықтау шегіне жеткен кезде олардың саны 60 болатын. Айта кетейік, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок әлеуметтік ара қашықтықты бұзғаны үшін қызметінен кетті. Ол карантин жеңілдетілмей тұрғанда жеке кабинетінде көмекшісімен құшақтасып, бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жаңа министр алдыңғы әріптесінің еңбегін «түрлі сынға төтеп беріп, аянбай еңбек етті» деп бағалады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы