Pfizer: Екпенің үшінші дозасы қажет

Pfizer фармацевтикалық компаниясы коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасы қажет екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Сонда індеттен қорғану деңгейі жоғары болады», - дейді өндіруші. Алайда америкалық мамандар үшінші компоненттің әзірге қажеті жоқ деді. Бірақ кей ғалымдар керісінше, оның жоғары тиімділігін алға тартады. Ал, Ресейде 11 мыңнан аса әскери қызметкер қайта вакциналаудан өткен. Енді осы аптада Мәскеудегі қарттар үйінде де осындай шара басталады.

«Дельта» штамы әлемнің көп елінде тез тарауына байланысты қауіп күшейіп барады. Мамандар халықты уақытты жоғалтпай вакцина салдыруға шақырады. Екпе вирусты жұқтырудан 100% қорғамаса да, індеттің ауыр формада өтуінен сақтайды. Ал Pfizer компаниясының өкілдері екпенің үшінші компонеті жайлы айтып отыр. Бустерлік дозадан кейін стандартты екі компонентпен салыстырғанда 5-10 есе көп антиденелер қалыптасады екен. Осылай деген өндірушілер ертең АҚШ-тың құзырлы органдарымен тиісті мәселе төңірегінде кездесу өткізбек. Алайда америкалық мамандар «әзірге үшінші дозаның қажеті жоқ» дейді. Өйткені бұл халықтың сенімін төмендетуі мүмкін. Десе де, АҚШ билігі: «өндірушілер қайта вакциналаудың тиімділігін растайтын дәлелдер келтірсе, шешімді қайта қарастыруға дайынбыз» деп отыр.

Стивен Шранц, Чикаго медицина университетінің өкілі:

- АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы, сондай-ақ азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын бақылау жөніндегі орталық өкілдері «екпенің үшінші дозасын салуға асықпаған жөн» дейді. Сондықтан күте тұрғанымыз дұрыс болады. Соңғы 16 айда әлемдегі эпидемиологиялық ахуалдың қалай өзгеріп жатқанын бәріміз де жақсы білеміз. Індетке қатысты сан алуан пікірлер айтылып жатыр. Pfizer компаниясы үшінші дозаның жоғары тиімділігін растайтын дәйектер келтіруі тиіс. Сонда біз де қарсылық танытпаймыз.

***

Израильде иммундық жүйесі әлсіз тұрғындар екпенің үшінші дозасын алады

Америкалықтар әзірге асықпауға шақырса, Израильде қайта вакциналау науқаны басталып кетті. Өйткені «Дельта» штамның тез тарауына байланысты демалыс күндері елде індет жұқтыру деректері артқан. Бірақ әзірге үшінші компонентті тек иммундық жүйесі әлсіз ересектер салдыра алады. 9 миллионнан аса халқы бар Израильде екпенің қажетті екі компонентін тұрғындардың 56%-тен астамы алып қойған. Билік препарат қоры жеткілікті екенін айтады. 

Нафтали Беннет, Израиль премьер-министрі:

- Pfizer компаниясының бас директоры Альберт Бурла мырзамен телефон арқылы келіссөз жүргізіп, Израильге вакцинаның келесі партиясын жеткізу туралы келістік. Уағдаластық бойынша препарат 1 тамызға дейін әкелінуі тиіс. Енді елімізде екпенің тұрақты қоры болады. Тағы да қайталап айтайын. Препарат бәріне жетеді. Сондықтан екпе алмаған тұрғындар вакцина салдырыңыздар! Әсіресе, жастар жағы бұл мәлімдемені назардан тыс қалдырмаса екен.

***

Мәскеуде қарттар үйінде қайта вакциналау науқаны басталады

Ал Мәскеуде 3 күннен кейін қарттар үйіндегі адамдар қайта вакциналаудан өтеді. Қалада тиісті мекемелерде жасы 60-тан асқан 15 мыңға жуық адам бар екен. Оларға коронавирусқа қарсы екпе салу науқаны былтыр желтоқсанда жүргізілген. Биліктің хабарлауынша, сол уақыттан бері қарттар үйінде індет жұқтырудың бірде-бір оқиғасы тіркелмепті. Көрші елде қайта вакциналау басталғанына 2 апта болды. Науқан әскерилер арасында да жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 11 мыңнан аса қарулы күштер өкілдері мен олардың отбасы мүшелері қайта вакциналаудан өткен. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 850 мыңнан асыру жоспарда бар. Негізі Еуропалық одақ өкілдері де түрлі штамдардың тарауына байланысты биыл үшінші бустерлік дозаның қажет болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева