Ресейде Панфилов дивизиясының 80 жылдығы атап өтілді

Ресейде Панфилов дивизиясының 80 жылдығы атап өтілді

Мәскеу облысындағы Волоколамск қаласында Панфилов дивизиясының 80 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Панфиловшы 28 қаһарман мемориалы алдында өткен шараға қазақстандық дипломаттар, қазақ диаспорасының өкілдері мен қала әкімшілігі қатысты. Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясының сарбаздары Мәскеу түбінде дұшпан танктерін тоқтатқан болатын. Олардың қаһармандығы Екінші дүниежүзі соғысының тарихында ерлік пен батылдықтың үлгісі ретінде мәңгі қалды. Қазақстандықтар шайқастарда көзге түсті. Еліміз Кеңес әскерін қажетті заттардың бәрімен қамтып отырды. Қазақстаннан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам жауынгер аттанып, 528-сі Кеңес Одағының батыры атағын алды.

Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз әрқашан Ұлы Отан соғысында бүкіл ТМД халықтарына жеңіс әкелген құрбандарымызды есте сақтауымыз керек. Қаза тапқандардың ерлігі жас ұрпақты тәрбиелеуде үлгі болуы керек. Қазақстан мен Ресейде Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды аса құрметпен еске алады. Біздің қазіргі міндетіміз – балаларымыз бен немерелерімізге әкелеріміз бен аталарымыз айтқан соғыс туралы шындықты жеткізу.

Михаил Сылка, Волоколамск қалалық округының басшысы:

- Олар намысын жерге түсірмей, батырлығы мен достығын, ал ең бастысы, Отанына адалдығын көрсетіп, жанын қиды. Панфиловшылардың ерлігін мәңгі есте сақтаймыз.