Израильде вакциналау қарқыны жоғары, алайда ауруды жұқтыру саны өсіп барады

фото: hromadske.ua

Израильде 12 жастан асқан жасөспірімдерге екпе егу науқаны жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вакциналау қарқыны жоғары болғанына қарамастан елде ауруды жұқтыру саны өсіп барады. Үкімет тұрғындарды белсенді түрде екпе алуға шақырып, қайта вакциналау шарасын да қарастырып жатыр.

Израиль вакциналау ауқымы бойынша әлемдегі көшбасшылардың қатарында. Халықтың 60%-і, ал ересектердің 80%-і екпе салдырды. Соңғы екі аптада 200 мыңдай адам вакцина алған, олардың көбі жасөспірім.

12 жастан асқан балаларға вакцина тек ата-анасының жазбаша рұқсатымен егіледі. Оны сайтта да толтыруға болады. Йосеф 14 жастағы қызын ертіп келді.

Йосеф Пелед, Тель-Авив қаласының тұрғыны:

- Біздің екі себебіміз бар. Шетелге қатынағымыз келеді және қызымыздың дені сау болсын дейміз. Өйткені вирус ешқайда кеткен жоқ.

Десе де, көп ата-ана препараттың балаларға қалай әсер ететінін нақты білгісі келіп, әлі де әліптің артын бақпақ. Алайда елде вакцинадан жасөспірімдерде болған ауыр жанама әсері туралы бірде-бір дерек тіркелмеген.

Эльдад Асков, Тель-Авив қаласының тұрғыны:

- Қызым 13 жаста. Әйелім ковид бітті ғой, оған екпе салдырмайық деген. Бірақ ахуал күрт нашарлай бастағанда «енді күтпейміз, бүгін барамыз» дедім.

Қазір үкіметте үшінші бустерлі екпе туралы қызу дау жүріп жатыр. Әдетте Израиль, АҚШ бақылаушы органы Тағам мен дәрі сапасының санитарлық бақылауы жөніндегі басқарманың рұқсатын күтетін. Бірақ өзінің де зерттеулерін өткізеді.

Нахман Эш, Израиль денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры:

- Біздің мәліметіміз дұрыс деп санаймын. Жасы бар, қарты бар халықтың түрлі топтарын зерттейміз. Иммунитеті әлсірегеннің белгілері байқалады. Алдағы бірнеше күнде дәлірек сараптама жасап, нақты қорытынды бере аламыз деп үміттенем.

Денсаулық сақтау министрлігі ауруханаларда ауыр халдегі науқастардың саны 400-ге жеткенде үкіметке локдаун енгізуге нұсқау беретінін жариялады. Әзірше олардың саны 140, бірақ күннен күнге өсіп келеді. 

Авторы: Сергей Ауслендер