Түркияда 200-ге тарта орман өрті бақылауға алынды

фото: bbc.com

Талайды тұмса табиғатымен тамсандырған Жерорта және Эгей теңіздерінің жағалауы өртке оранды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркияның орманды алқабын шарпыған өрттен 30 провинцияда шамамен 130 орман өрті тіркелді. НАСА ғарыш агенттігі таратқан мәлімет бойынша 136 мың гектар жасыл желек жанып кеткен.

Алайда, Түркиядағы орман өртінің қанша аумақты жалмағанын нақты дөп басып айту қиын. Себебі қауіп әле де бар. Соңғы деректер бойынша өрт ошақтарының басым бөлігі ауыздықталып, бақылауға алынды.

Осы аптада Түркияның Манавгат ауданында орман өртін 12 жастағы жасөспірім тұтатқаны туралы ақпарат тарады. Ұсталған бала орманды өртегенін мойындап отыр. Бұл іске баруына ата-анасының ажырасуы себеп болыпты. Ол сот шешімімен мемлекеттің бақылауындағы жатақханаға орналастырылды. Бған дейін орман өртіне Түркияда террористік деп танылған Күрдістанның жұмысшы партиясы кінәлі деген ақпарат тараған-ды. Олар өрттің тұтануына өздері жауапты екендерін әлеуметтік желіде хабарлаған еді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- От шарпыған жердің аумағы екі есеге ұлғайды. Оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Жауаптылардың барлығы жазаланады. Ол үшін қолдан келгеннің барлығы жасалынады. Өртке террорлық ұйымның қатысы бар болуы да мүмкін. Ал, Мугла провинциясында бір күдікті қолға түсті.

Түркиядағы орман өрті шілденің 28-і күні Анталияның шығысынан 75 шақырым жердегі елді мекенде басталды. Тілсіз жау көзді ашып жұмғанша 30 провинцияға шарпыған. Бірнеше күннің ішінде апаттан 800-ден астам адам жарақат алып, 8 тұрғын көз жұмды.

Блиц 1:

- Абырой болғанда, үйден шығып үлгердік. Алайда малымызды құтқара алмадық. Жылдар бойы жиған-тергенімізден айырылып қалдық. Қаншама еңбекке обал болды. Бауыр етім баламнан айырылып қалғандай сезімдемін. Өртке жауаптылардың барлығы жазаға тартылу керек.

Блиц 2:

- Мына ауыл толық өртке оранды. Қас-қағым сәтте бәрі қирады. 20 минуттың ішінде 1 шақырым жер тып-типыл болды. Сенесіздер ме?! Сұмдық көрініс. Ауылдың төмен жақ бөлігіндегі тұрғындардың жағдайы қалай екенін білмейміз.

Өрттен зардап шеккен аудандарды Режеп Тайып Ердоған аралап көріп, Адана, Анталья, Мугла, Мерсин мен Османие аудандарын апатты аймақ деп жариялады.

Жалын шарпыған аумақтардан саяхатшылар эвакуацияланды. Бодрум қаласының өзінен шамамен 100-ге жуық азамат шығарылды. Мамандар Эгей ауданына жолдама алған туристер билеттерін кері қайтарып жатқанын айтады. Мармаристе де дәл осындай жағдай. Енді сарапшылар аймаққа келетін меймандардың саны биыл 80%-ке қысқаруы мүмкін деп отыр.

Соңғы бірнеше күнде 200-ге жуық орман өрті мамандардың бақылауына алынды. Құтқарушылар алапат өртті ауыздықтау үшін орманды алқаптарды айналдыра ор қазды. Әлем елдері жанашырлық танытып, қол ұшын созып жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркияға суағар құрылғылары бар 2 дана тікұшақ пен 16 адамнан тұратын мамандар тобы жөнелтілді. Еліміз апаттан зардап шеккен аумақтарға гуманитарлық жәрдем беруге де дайын екенін жеткізді.

Мевлют Чавушоглу, Түркияның сыртқы істер министрі:

- Жағдай оңалған сияқты. Жер мен көкте тынымсыз еңбек еткен мамандардың көмегімен бірнеше өңірлердегі өрт ошақтарды ауыздықталды. Енді желдің екпіні бәсеңдейді деген болжам бар. Оны да пайдаланып қалуымыз керек. Басымызға түскен қиыншылықты жеңу үшін көптеген мемлекеттер кол ұшын беріп жатыр.

Жалпы күні бүгінге дейін тіркелген 225 өрт ошағының басым бөлігі ауыздықталды, бірақ толық сөндіріле қоймады. Оты басылған аумақтардың өзінде ыстық жалын, күл шоғының қызуы басылған жоқ. Абырой болғанда, Анталияда жауын жауды. Жұртшылық Манавгат ауданында да аптап ыстық пен желді күні аздаған жаңбыр жауғанын жақсылыққа балады.

Биылғы жаз адамзат баласы үшін жайдарлы емес, жалынды болды десек артық емес шығар. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінде өрт ошақтары тіркеліп, тұрғындар түтінге тұншықты. Қалалар жалында қалды. Ол аздай, бірқатар мемлекетті қуаңшылық жайлады. Олардың арасында Қазақстан да бар. Бірақ бір қуанарлығы, елдегі апатты естіген өзге мемлекеттер «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, қолдан келгенше қол ұшын созып жатыр. Еуроодақ қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға 200 мың еуро беретін болды.