Қытайда індет қайта күшейді

Қытайда індет қайта күшейді
фото: latifundist.com

Қытай болса Уханьнан кейін елдегі ең ірі індетпен күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Дельта» штамының өршуі Нанкин қаласына шетелден келген ұшқыштан басталып, талай аймақтарға тарады. Осыған байланысты қаланың бірқатар шенеунектері мен әуежайдың басшысы жұмыстан қуылды. Дегенмен, кей аймақтарда аурудың кең таралуына Нанкиндегі жағдайдың қатысы жоқ. Мысалы, Шанхай мен су тасқынынан зардап шеккен Чжэнжоу қалаларында індет күшейді. Жалпы қазір COVID-19 елдің 17 өңірінде тіркелді, шілденің аяғынан бастап 500-ден аса тұрғын вирус жұқтырды. Көлік қатынастары азайтылып, жаппай тест тапсыру, қатаң карантин шаралары қолға алынды.

Хэ Цинхуа, ҚХР Денсаулық сақтау бойынша мемлекеттік комитетінің инспекторы:

- Орын алған жағдайға сүйенсек, індетті жалпы тоқтатуға болады. Алайда аурудың көптеген аймаққа таралуы, жергілікті инфекцияның өршуі вирусты тежеуге қиындық туғызып жатыр. Дегенмен, ауруды алдын алу және бақылау шараларды дұрыс сақтаған жағдайда, індетті екі-үш инкубациялық кезеңде тоқтатуға болады.

Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, елдің барлау қызметі Ухань зертханасындағы вирустар туралы генетикалық мәліметтерді қолға түсірді. Осы ақпарат індет қоздырғышын анықтауға мүмкіндік беретінін айтады. Ал, Қытай баспасөзі бұл деректі жалған әрі Аспан асты елін қаралауға бағытталған деп отыр. Сондай-ақ Қытайда 25 миллионнан астам тұрғын АҚШ Форт-Детрик аталатын зертхананы тексеру туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына онлайн петицияға қол қойды. Олардың айтуынша, сол мекемеде қауіпті вирустар сақтаулы, ал 2019 жылы індеттің алдында ғана дәл сол зертханадан вирус сыртқа тараған болатын.