Израильде қайта вакциналау науқаны қарқын алды

Қазірдің өзінде 600 мыңнан аса адам коронавирусқа қарсы үшінші вакцина салдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен елде бұл дертті жұқтыру жиілеп кетті. Ал дәрігерлер вакциналанған адамдарға Дельта штамы жұқса да, оларда ауру жеңіл өтеді деп айтып отыр.

Израильде вакцинаның үшінші екпесін жасы алпыстан асқан барлық азаматарға салып жатыр. Олардың толық вакциналанғанынан жарты жылдан аса уақыт өтті. Сондықтан вирусологтар иммунитетін күшейту қажет дейді. Алғашқылардың бірі болып премьер-министрдің анасы – Мирна Беннет өзіне екпе салдырды. 

Мирна Беннет, премьер-министрдің анасы:

– Ұлым премьер-министр болмаса да, осында келер едім. Өйткені бұл барлығымыз үшін маңызды және егде жастағылар міндетті түрде мұны істеуі керек деп санаймын. Әлі вакцина алмаған жастар да екпе салдыруы керек.

Расында жастармен жағдай мәз емес. Үштен бір бөлігі әлі вакциналанбаған. Билік өкілдері әзірше оларға қарсы еш шара қолданған жоқ. Бірақ жаза қолдану туралы әңгіме жүріп жатыр.

Нахман Эш, денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры:

– Бізде вакцина салуға мүмкіндігі бар, бірақ белгісіз себеппен мұны істемей жүрген бір миллионнан аса адам бар. Індет дендеп барады және өлім саны да өсіп келеді. Қайтыс болғандардың дені екпе салдырмаған.

Күніне бірнеше мың ковидті жұқтырып, ауруы асқынған науқастар саны да өсті. Бұған тез жұғатын Дельта штамының елде тарауы әкелді. Сондықтан Израильде 45 жастан асқан адамдарды үшінші екпе салдыруға шақырып отыр. 10 жастан үлкен балаларды да вакциналау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Көп ұзамай мектептерде оқу басталатындықтан, оқушылар арасында індет дендеп кетуі ықтимал.

Сергей Ауслендер