Грузияда санитарлық шектеулер қайта енгізілді

Грузияда санитарлық шектеулер қайта енгізілді
фото: aa.com.tr

Бұл елде індет дендеп, күніне 5 мыңдай науқас анықталып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынып, қалаларда қоғамдық көлік жүрмейтін болды. Тамақтану орындары кешкі сағат 11-ге дейін жұмыс істейді. Бұл ел коронавирустың таралуы бойынша әлемде бірінші орында. Соңғы аптада ауруханалардағы орындардың 95% толған

Георгий Гибрадзе, Грузия мекемеаралық үйлестіру кеңесі жанындағы жедел штаб басшысы:

- Елде «Дельта» штамы тарап келеді. Талдау нәтижесіне сай үйлестіру кеңесі карантинді күшейтуге бел буды. Мұндай талап 14 тамыздан 4 қыркүйекке дейін сақталады. Бұл күндері қоғамдық көліктер тек шетелге ғана қатынайды. Халықаралық шаралардан өзге фестиваль, концерт, спорт жарыстарын өткізуге тыйым салынды. Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қашықтан жұмыс істейді.

Сондай-ақ Грузияда тойлар мен өзге де бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынды. Үш аптадан кейін ахуал түзелмесе, үйлестіру кеңесі санитарлық шараларды одан әрі күшейтпек. Бүгінде елде вакцина салдырғандардың саны бір миллионға жетпейді.