Оңтүстік Кореяда жастарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды

Оңтүстік Кореяда жастарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды

Екпе 18 жастан 49 жасқа дейінгі жергілікті тұрғындарға және шетелдіктерге салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вакцина алуға кезекке тұрғандардың арасында Сеулдегі меншікті тілшіміз Владислав Цой да бар. Кореяда вакцинаны мемлекеттік және жеке медициналық орталықтарда салдыруға болады. Елде екпе егуге арналған 250 негізгі және 10 мыңнан астам қосымша орын бар. Індетке қарсы вакцина алуға келгендердің бірі – Мәдениет министрлігінің Ким Джин Сон есімді қызметкері. Ол арнайы сайтта вакциналау күнін, уақытын және орнын таңдады.

Ким Джин Сон, Сеул қаласының тұрғыны:

– Жұмыста мені вакциналауға ешкім мәжбүрлеген жоқ, бұл менің қалауым. Шынымды айтсам, менің ортамда екпе алғысы келмейтін адамдар жоқ. Сондықтан менде күмән болмады.

Кореяда вакциналау науқаны алты ай бұрын басталды. Екпе бірінші кезекте медициналық қызметкерлер мен егде жастағы азаматтарға салынды. Енді кезек 18 ден 49 жасқа дейінгі аралықтағы тұрғындарға келді. Бұл санатқа жататын тұрғындардың шамамен 69 проценті COVID-19-ға қарсы вакцина салдыруға шешім қабылдапты. Бірақ мұндағы кезекке тұру тәртібі қызық. Екпе салатын күн азаматтың туған күнінің екінші санына орай белгіленеді. Яғни,11 күні туылған адам өтінішті тамыздың бірінші, он бірінші, жиырма бірінші және отыз бірінші күндеріне жазады.

Пек Сын Хак, медицина орталығының директоры:

– Вакциналау бізде түске дейін 3 сағат және түстен кейін 3 сағат өтеді. Бұл орталықта күніне 60-қа жуық адам вакцина салдырады. Денсаулық сақтау министрлігі маған Pfizer, AstraZeneca, Jansen және Modernа препараттарын ұсынды. Мен бәрін таңдадым. Қазіргі уақытта бізге Pfizer мен AstraZeneca бар.

Владислав Цой, тілші:

– Тамыз айының соңындағы мәліметке сүйенсек, Оңтүстік Кореяда 28 миллион адам вакцинаның бірінші дозасын алды, бұл бүкіл халықтың 56 проценті. Оңтүстіккореялықтардардың үштен бірі толық вакциналанған. Қыркүйек айының соңына дейін ел тұрғындарының кем дегенде 70% вакцинанын бір екпесін алады деген жоспар бар. Осылайша, билік қараша айында COVID-19-дан ұжымдық иммунитет қалыптасатынына үміт артып отыр.

Владислав Цой, Ольга Лян