Украина 35 жыл бұрын жарылған атом станциясының аумағына велотур ұйымдастыруда

35 жыл бұрын апат болған Украинаның Чернобыль аймағында жаңа тренд пайда болды.

Белсенділер жалпы аумағы 30 шақырымнан асатын ядролық қасірет ауданында велотур ұйымдастырды. Бұл іс-шараға құзырлы органдар арнайы рұқсат куәлігін берген. Топ мүшелері жолай ескерткіштер мен тұрғын үйлерге соғады. Велотурға қатысушыларға қауіпті аумақ ішінде тамақ жеуге және сусын ішуге тыйым салынған. Сапар таңғы 10-нан түскі 4 жарымға дейін жалғасады. Ресми дерек бойынша коронавирусқа дейін, яғни 2019 жылы бұл аумаққа 123 мыңнан астам турист келген.

Айта кетейік, Украина үкіметі Чернобыльді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуға ұсыныс бергелі отыр.

Натали Тулюлюк, велотур жетекшісі:

- Оқшауланған аумақта туризмнің жаңа түрі дамып келеді. Бұған дейінгі жылдарда тек автобуспен және көлікпен серуен жасауға болатын. Велосипедпен аралау мүлде тың идея. Сапар барысында қатысушылар мен барлық заттар радиацияға қатысты тексеріліп отырады.