426,14 492.05 5.99
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әлемде табиғат апаттары жиілеп кетті

  • 199
  • UPD: 17:42, 19.09.2021
Әлемде табиғат апаттары жиілеп кетті фото: nat-geo.ru

Испанияның Андалусия өңірінде орман өрті тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

6 күн бойы адам ырқына көнбеген орман өрті 9 мың гектардан астам жерді шарпыған. Мыңдаған тұрғын үйінен безіп, бас сауғалауына тура келді. 2 мың азамат уақытша эвакуациялық пункттерге орналастырылды. Өртті сөндіруге 40-тан астам ұшақ пен 1000-ға тарта маман жұмылдырылды. Бір аптаға жуық уақытқа созылған арпалыстан соң қызыл жалын әйтеуір бақылауға алынғаны белгілі болды.

Вирджини Валгрев, мал дәрігері:

- Мұнда алапат өрт болғанын бәрі біледі. Жалынның бақылауға алынғанына бүгін бірінші күн. Осыған байланысты дәрі-дәрмектерімізді алып, осында келіп тұрмыз. Мақсатымыз – жараланған, зардап шеккен жануарларға тиісті көмек көрсету.

Биылғы күз Үндістан халқы үшін де жағымсыз басталды. Елдің Гуджарат штатында ақжауын төпеп, көп елді мекенді су басты. Әсіресе, Джамнагар мен Раджкот қалалары қатты зиян шекті. Тереңдігі тізеден асатын суды кешіп өту қиынға соғып, тұрғындар өз бетінше қауіпсіз жерге көше алмады. Мамандар адамдарды үйлердің шатырына шығып құтқарды.

Балрам Миена, полиция қызметкері:

- Адамдарды қауіпсіз орындарға көшіру операциясы жалғасып жатыр. Қаланың ойпатты жерлерінде орналасқан аудандарды су басып, көп қиындық туындап отыр. Тіпті біздің полиция бөлімшелері де су астында қалды.

Осы аптада Францияның оңтүстігін де су алды. Гар департаментінде небәрі 6 сағатта жауын-шашынның 2 айлық мөлшері түскен. Сөйтіп, аталған аймақта қауіптің жоғары деңгейі жарияланды. Тасқын салдарынан 2 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Ондаған көлік су астында қалды. Жолдарда қозғалыс шектеліп, пойыз қатынасы тоқтады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты департаменттегі мектептердің барлығы уақытша жабылды.

Николас дауылына байланысты АҚШ-тың Хьюстон қаласында да мектептер жабылды. 400 мың үй электр қуатынан ажыратылды. Мамандардың айтуынша, аймақтағы нөсер жауын мен екпінді жел әлі де жалғасады. Су басу қаупі де жоғары екен. Жалпы АҚШ-та биыл табиғат апатынан келген материалдық шығын 100 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Президент Джо Байден бұл рекордтық көрсеткіш дейді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Кейінгі бірнеше айда әр үшінші америка азаматы табиғат апатынан зардап шеккен. Еліміздің шығысында нөсер мен дауылдар маза бермей жатса, батысында қуаңшылық пен орман өрті тұрғындарды әбігерге салды. Былтыр табиғат апатынан келтірілген шығын 99 миллиард долларға бағаланған. Биылғы көрсеткіштер одан асып кетеді деп топшылап отырмыз.

Жалпы соңғы уақытта адамзат басына қара бұлт үйірген қайғылы жағдайлардың жиілеп кетуі әлем елдерін қатты алаңдатып отыр. Себебі жер бетіндегі климат өзгерісінен мигранттар саны артуы мүмкін екен. Мамандардың сөзіне сенсек, 2050 жылға таман 216 миллион адам көшіп-қонуға мәжбүр болады. Бірақ ауаның ластану көрсеткіші төмендеп, маңызды экожүйелер қалпына келтірілсе, азық іздеп бас сауғалағандардың қарасын 80%-ке дейін азайтуға болады-мыс.

Хабар 24 телеарнасы